ШЫН ХӘКІМ, СӨЗІҢ АСЫЛ БАҒА ЖЕТПЕС

Абай Құнанбайұлының туғанына

175 жыл

«Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

       Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.

      Қарадан хакім болған сендей жаннан, 

      Әлемнің құлағынан әні кетпес!

    Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар, 

   Өлтіріп талай жанды жүгін артар.            

  Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,

  Хакім Ата, тыныш бол, қадірің артар»

Мағжан Жұмабаев

Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы – ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы. 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді.

Ақынның шығармашылықпен еркін араласуы 1860 жылдар болды. Ол кезде Абай өлеңдерін басқа аттармен жариялаған, тек 1886 жылы «Жаз» деген өлеңінен бастап өз атын қоя бастайды. Ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыр», сонымен қатар «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» өлеңдерінің сол кездегі әлеуметтік жағдайларды түсіну үшін маңызы зор.

Туған халқын сүйіп, оны қасіреттен құтқаруды, бодандыққа қарсы Абай халқын оятып, береке-бірлікке шақырды. Туған халқы да Абайын сүйіп, қатты құрметтеді. Өмірлік мағынасы зор өлеңдерін жатқа айтып, тұмардай сақтады. Шынында әр сөзі теңіздің тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, кісіге берер шабыты мен шапағаты мол Абай әр қазақтың бағдаршамы іспетті. Абай қазақ поэзиясы мен музыкасына жаңа үлгілер енгізді.

Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т. б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған.

Ойшыл-ақын ежелгі заман философтары Сократ, Платон, Аристотель, сондай-ақ, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұраларымен де жақсы таныс болды; Батыс Европа философиясын, дәлірек айтқанда Р.Декарт, Б.Спиноза, Г.Спенсер, Л.Фейербах еңбектерін оқыды.  

Абайдың дүниетанымын қалыптастыруға шығыс ақындары мен ғалымдары ықпал етті. Ақын гуманистік идея ұстанған Фирдоуси, Әлішер Навои, Низами, Физули, Ибн Сина сияқты ғалымдардың, сондай-ақ ресейлік классиктердің шығармаларын және тұтастай еуропалық әдебиеттерді көп оқыды. Ол Крылов, М.Ю.Лермонтов, А.С.Пушкин, Гёте және Байронның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Қорыта айтқанда, Абай қазақтың демократ ақыны, ұлы ойшыл, философы. Ол қазақ тілінің мәйегінен көптеген өлеңдер мен дастандар сондай-ақ, басқа да философиялық шығармалар жазды.

Абайды Абай еткен, асыл сөзімен өлең етіп ұйытып, жүрегіне жыр болып байланған қасиеті – өмірден әділет, мейірім, сенім, адалдық іздеу барысында тапқан танымдық олжалары, санасын сарғайтып барып көзін ашқан тұжырым тоғыстары өлең арқылы өріліп жатыр.

Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты әлеуметтік аясы кең. Өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді. Сондықтан Абай өлеңдері XIX ғасырдағы «қазақ қоғамының айнасы» деп те аталады.

Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Жер бетіндегі күллі қазақ қауымы өздерінің ұлы Абайымен мақтанады. Олар күн өткен сайын Абайды жаңа қырынан тануда. Өйткені Абай мұралары бүгін де, болашақта да өзінің өміршеңдігімен мәңгі жасайтын ғажап туындылар.

Абай шығармалары қазірдің өзінде көптеген тілдерге аударылып, әлем халықтарының жақсы бағасын алуда.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған                             

«Абай – қазақтың ұлы ақыны»

 (әдеби кеш)

1 жүргізуші: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған. Халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады.

2 жүргізуші: Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді.

1 жүргізуші: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» сияқты «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп айқын көрсетілген болатын.

2 жүргізуші: Елбасымыз әрдайым ұлтымыздың ұлы ақыны Абай мұрасын қадірлеп, барша халықты оның өлеңдері мен қара сөздерінен өнеге алуға шақырып келеді және «Абай әлемі – бізді жеті түнде адастырмайтын – Темірқазық. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз», деп айрықша баға берген.

1 жүргізуші: Уақыт өткен сайын бүгінгі ұрпақ «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол»,  деп өткен Абайдың даралығын, даналығын терең сезініп келеді. Бүгін ол «қалың елі қазағына» ған емес, барша әлемге қадірлі, әр сөзі ақыл мен нақылға толы Адамзаттың Абайына айналды!

2 жүргізуші: Ұлы Абай – қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты, ал даналығы қазіргі заманмен үндес. Абай шығармашылығымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, жаңа көңіл күй мен сезімге бөлейді, асыл армандарға жетелейді, өзіңді өзің талдап тазаруға итермелейді.

Ұлы ақын өз дәуірінің ар-ожданы болған сол кезеңнен бері қазақ қоғамдық ойы мен әдебиеті Абай есімімен тығыз байланысты болып келеді.

1 жүргізуші: «Рухани жаңғырудың» негізі Абайдан бастау алады. Сондықтан Абайтану жұмысы бойынша қыруар жұмыстар жалғасты істелуі тиіс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұлғатану бағыты таңдап алынды. Әрине, оның басында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев тұр. Рухани жаңғыру деген — тіл, рухани жаңғыру деген – Абай, рухани жаңғыру деген – Алаш. Сондықтан біз осы бағыттарды насихаттап халықтың, әсіресе, жастардың санасына сіңіру, жүрегіне жеткізу мақсатында кешенді жұмыстар істелуі тиіс.

2 жүргізуші: Қазақ жерінің ақыны, данышпаны болғанымен Абай біреу-ақ, Абайы бар елдің мейірі үстем. Абай қазақтың бар жерінде туып, бар жерінің туын ұстап тұрған кемеңгер.  Ақын тұлғасы дараланған сайын қазақ та биіктей бармек. Сол шыңнан көз жазбау – біздің парызымыз да қарызымыз.

1 жүргізуші: Абай – қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, маңдай алды ақын екені таңдаулы туындылары дүние жүзі поэзиясының озық үлгілері мен деңгейлес тұрғаны – білген адамға айқын шындық. Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» мақаласында «Абайдан асқан бұрынғы соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ»,- деп аса жоғары баға  берген.

2 жүргізуші: Қазақты тану үшін Абайды оқу қажет, ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт. Абайды тану — қазақтың өзін-өзі тануының, басы да, соңы да! Абайды тану — Абай айтқан сындардан толық қорытынды шығару деп білеміз.

Кеш барысында  Абайдың өлеңдері, әндері мен шығармаларының үзінділер оқылады.

Абайдың өмірі  мен шығармашылығына   байланысты сұрақтар:

  1. Абай алғашқы өлеңдерін қай ақынның атынан жарияланып отырды?                

                                                      ( Көкбай ).

2. Абай туралы ең алғаш мақала жазған кім?

      (Әлихан Бөкейханов, 1903 жылы  жазған).

3. Абайдың шын аты кім?( Ибраһим).

4. Абайдың қанша күйі бар? Аттарын ата. ( Үш күйі бар: «Тоқжанға», «Май түні», «Абайдың желдірмесі»).

5. Абайдың аяқталмаған поэмасы. («Әзім  әңгімесі».)

6. Абай Лермонтовтан қанша шығарма аударған  (Жиырма жеті шығарма аударған).

7. Абайдың әжесінің және шешесінің аттарын ата. ( Зере, Ұлжан.)

8. Ділдәдән туған балалары.  (Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия).

9. «Қазақтың бас ақыны  -Абай Құнанбаев» деп атаған кім?  ( Ахмет  Байтұрсынов).

10. Әйгерім кім? Әйгерімнің шын атын ата. ( Абайдың екінші әйелі, шын аты Шүкіман.)

11. Абай өлеңдер жинағы қай жылы басылып шықты және қай қалада? ( 1909 жылы Петербургта).

12. «Абай жолы» романын кім жазды? (Мұхтар Әуезов)                                                13. Абай кімге ғашық болды?  (Тоғжанға)

14. Шәкәрімнің Абайға қандай  туыстық жақындындығы болды? (Абайдың ағасының баласы.) 

 Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына, баға жетпес мұрасымен таныстыратын «Абай тағылымы»,   «Қалың елім қазағым…», «Қазақ халқының рухани асыл мұрасы», «Абайды оқы, таңырқа!», «Абай – қазақтың ұлы ақыны», «Абай – тұтас бір әлем»,  Абайдың мұрасы – қазақтың асыл қазынасы» атты кітап көрмелерін, әдеби кештер, поэзия кештерін, мәнерлеп оқу шараларын  ұйымдастыруды ұсынамыз.

Абай Құнанбайұлы туралы эпигрофтар:

«Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс» 
                               Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті

  Нұрсұлтан Назарбаев

«Абай қазақтың классик әдебиетінің атасы, қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі»

Мұхтар Әуезов

Абай ақын емес, құдрет қой!

 Қазақта Абайдан асып туған ғұлама жоқ»

Жамбыл Жабаев

«Шын Хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес…» 

Мағжан Жұмабаев 

«Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ»

Ахмет Байтұрсынов

«Абай өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын еді»

                                                          Ғабит Мүсірепов

«Орыстар үшін – Пушкин, ағылшындар үшін –Шекспир, грузиндер үшін – Руставели…. қандай ұлы құбылыс болса, Абай да қазақтар үшін сондай теңдеcсіз құбылыс»

 
Қайсын  Кулиев

«Абай әлемге ашылған терезе еді, оның жаны жаңарып жатқан дүниенің алыстағы сарынын сезе білді…. Гете мен Толстой сынды көптеген заңғар гуманист тұлғалардың далалық бауырласы екенін танытты»

Шыңғыс Айтматов 

Әдебиеттер тізімі:

Құнанбаев А. Адам деген даңқым бар: Өлеңдер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде. – Аматы: Халықаралық абай клубы, 2018.- 276 бет.

Құнанбаев А. ХИКМЕТ КІТАБЫ – КНИГА МУДРОСТИ – BOOK OF WISDOM – Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2011. – 568 бет.

Абай (Ибрагим) Құнанбаев Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы. – 1986. – Т.1 Өлеңдер мен поэмалар. – 304 бет.

Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы. – 1986. – Т.2Аудармалар мен қара сөздер. – 200 бет. – 304 бет.

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т.1: Өлеңдер мен аудармалар. – 2002. – 296 бет.

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т.2: Өлеңдер. – 2002. – 336 бет.

Абай Қалың елім, қазағым..: өлеңдер. – Алматы: Атамұра, 2002. – 224 бет.

Абай Қара сөздер – Книга слов. Поэмалар – Поэмы. – Алматы: Ел,1993. – 272 бет.

Құнанбаев Абай Қара сөздер – Книга слов. – Семей: Международный клуб Абая, 2007. – 368 стр.

Абай Қара сөз – Книга слов. – Алматы: Международный клуб Абая, 2009. – 338 стр.

Абай Өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1976. – 239 бет.

Абай Өлеңдер: (Электронды ресурстар): аудиокітап. – Алматы: Жазушы, 2011. – СД 150 МБ.

Құнанбайұлы А. Айттым сәулем, қаламқас: Әндер мен күйлер. – Алматы: Өнер, 1986. – 91 бет.

Құнанбаев А. Өлең  сөздің патшасы. – Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2006. – 568 бет.

Құнанбайұлы Абай Өлеңдер, поэмалар, аудармалар, қара сөздер. – Алматы: Мектеп, 2007. – 248 бет.

Абай Өлеңдер, поэмалар, аудармалар, қара сөздер. – Алматы: Жібек жолы, 2005. – 488 бет.

Абай Құнанбайұлының шығармашылығы туралы

Абай тілі сөздігі. – Алматы: Өнер, 2011. – 616 б.

Абай: Энциклопедия (Бас ред. Р.Н.Нұрғалиев, ред. алқасы: З.Ахметов, Л.М.Әуезова, Б.Г.Ерзакович т.б.). – алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995. – 720 б.

Абайды оқы, таңырқа! – Алматы: Ана тілі, 1993. – 160 б.

Абай туралы естеліктер /құраст. Б.Жүнісбеков, М.Қайрамбаева, Ш.Садықова, Н.Өмірбекова, М.Кенемолдин. – Алматы: Қаламгер, 2018. – 504 б.

Бейсенбаев М. Абай және оның заманы(Абай ізімен): Әдеби-сын мақалалар мен жаңа деректер. – Алматы: Жазушы, 1988. – 136 б.

Анастасьев Н. Абай. Самғау салмағы/ Орыс тілінен аударған Ж.Ысмағұлов. – Астана: Аударма, 2010. – 472 б.

Жұбанов А., Хамиди Л. Абай: 4 перделі опера. 2 томдық.1-т.: Абай. 1-2 –перде. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2007. – 248 б. 

Машанов А. Әл-Фараби және Абай. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 192 бет.

Мырхахметұлы М. Абайтану: 1-кітап. Өңд., толықт., 2-бас. – Астана: «InteractivKazakstan», 2014. – 432 б.

Мырхахметұлы М. Абайтану: 2-кітап. Өңд., толықт., 2-бас. – Астана: «InteractivKazakstan», 2014. – 524 б.

Мырзахметұлы М. Әуезов және Абай. – Алматы: Қазақстан. – 1996. – 272 бет.

Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі: Монография. Шығармалар жинағы. – Алматы, 2010. – 476 б.

Ахметов З. Абай и Лермонтов: Эссе. – Алматы: «Арда», 2008. – 160 с.

Бельгер Г. Гете и Абай: Эссе. – Алма-Ата: Жалын, 1989. – 104 с.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған