Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы

Бағдар мен белес

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет. Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. «Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдадық. Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекіттік. Басқа да іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүргізіле бастады. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Нарықтық экономикаға өтіп, жекеменшік институтын берік орнықтырдық. Отандық бизнестің негізін қаладық. Жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз құрылды. Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді. Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік. Солтүстік Аралды құтқарып, қашқан теңізді қайтардық. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиттерін өткізуге және басқа да бірқатар маңызды халықаралық жобаларға бастамашы болдық. Елімізге шетелден қомақты инвестиция тарттық. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыз ұлттық идеямызға айналды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Тұрғын-үй құрылысы да бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды. Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік. Әр бағыт бойынша «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға баса мән бердік. Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік. Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет. Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы. Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек. Қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті. Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі.

Таным мен тағылым

Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек. Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс. Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты. Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жүргізілді. Бұрын бәймәлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Елбасының осындай іргелі бастамалары халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Бағдарлама аясындағы еңбектер том-том болып жарыққа шықты. Дегенмен, сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма? Зерттеу жобаларының біразы ғылыми институттар мен орталықтардың аясында ғана қалып қойған жоқ па? Мұндай іргелі ізденістердің нәтижесі тек осы сала мамандарының игілігіне ғана айналуы орынсыз. Оны қалың жұртшылыққа түсінікті және қолжетімді ету қажет. Өйткені тарихшылардың ғана емес, барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс. Бұл ретте, ауқымды көрмелермен немесе басқа да үлкен жобалармен әуестенбей, балаларға, жастарға арналған қарапайым әрі қабылдауға жеңіл туындыларға баса мән берген жөн. Мысалы, деректі және көркем фильмдерді алайық. Осы бағытта «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. Әрине, қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен, көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті. Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн. Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс. Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс. Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек. Біз жыл соңына дейін жаңа тарихымыздағы бірнеше айтулы оқиғаның мерейлі белесін атап өтеміз. 1991 жылы Семей полигоны жабылды. Оның еліміз ғана емес, барша адамзаттың болашағы үшін айрықша маңызды шешім екенін ескеріп, арнайы іс-шара өткізу қажет деп санаймын. Елбасы қол қойған Жарлықтың арқасында Қазақстан бүкіл дүние жүзіне ядролық қару-жараққа қарсы әлемдік қозғалыстың көшбасшысы болып танылды, алып мемлекеттердің сеніміне ие болды, халықаралық қоғамдастықта жауапкершілігі жоғары ел ретінде мойындалды. «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес. Елбасы сол кездегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларға байланысты жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болды. Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек. Сол үшін Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн. Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет. Сонымен қатар, шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы. Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Қоғам мен құндылық

Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз. Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек. Шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітіп, оны әлем жұртының мойындауы соңғы бірнеше ғасырда үрдіске айналды. Оған дейін қазіргідей делимитация, демаркация деген ұғымдар болмаған. Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды. Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді. Жоғарыда айтқанымдай, шекарамыз толығымен шегенделді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілді. Қазақстан – біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар. 2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені, мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз. Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан, биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн. Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?! Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса, шындық. Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет. Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада. Елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс. Батыста Бозжыра мен Шерқала, күнгейде Ақсу-Жабағылы мен Сайрам-Өгем, Жетісуда Хан Тәңірі мен Шарын, Көлсай мен Қайыңды, Қапал- Арасан, Алтынемел мен Бұрхан бұлақ, шығыста Мұзтау мен Шыңғыстау, Марқакөл мен Рахман қайнары, Арқада Бурабай мен Баянауыл, Ұлытау мен Қарқаралы, теріскейде Имантау мен Айыртау және басқа да көрікті жерлеріміз жетіп артылады. Жер жәннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Жастарға осындай керемет табиғатымызды танытып, оны қадірлеуге баулуымыз керек. Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді-мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс. Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты. Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары. Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек. Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал. Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшылардың елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Бұл жолда тыныштық пен тұрақтылықтың бастауы болған Қазақстан халқы ассамблеясы тиімді жұмыс атқарды. Ешкімді ұлтына қарап, бөле-жарған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз. Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады.

Ұлағат пен ұстаным

Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Оны Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісі деуге болады. Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз. Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі. Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ, реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз. Бірақ, саяси жаңғыру барысында асығыстыққа бой алдыруға және жалаң ұранға еріп, мемлекеттік жүйені дағдарысқа ұшыратуға болмайды. Бір сәтте барлығын түбірімен өзгерту неге әкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз. Елімізде, ең алдымен, адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек. Анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтыны анық. Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келеді. Мәжіліс депутаттарының биылғы сайлауы – көппартиялы Парламентті орнықтыру жолындағы маңызды қадам. Бізде саяси көзқарастары әртүрлі партиялар бар. Олардың ұстанымдары консервативті, либералды, ұлтшыл, социалист және тағы басқа болуы мүмкін. Бұл – табиғи үдеріс. Саяси плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді. Саяси күштер осындай әралуан болса да, баршасын біріктіретін және бәріне ортақ құндылық бар. Ол – қастерлі Тәуелсіздік. Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл туралы ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген. Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілерміз, біздің айрықша күшіміз («soft power»). Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті. Жаһандану заманында айдай әлем алақандағыдай болып қалды. Талапты ұл-қыздарымыздың жер жүзіндегі кез-келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналды. Сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де аз емес. Осы орайда, ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін. Халқымыз «Атың барда жер таны, желіп жүріп» дейді. Кезінде Елбасы бозбала шағында Украинаға аттанып, еңбек, білім және әкімшілік дағдыларына ие болды. Мен де білім қуып Мәскеуге сапар шектім, өзге мемлекеттерде жұмыс істедім. Біздің талай замандастарымыз бүгінгі жастар сияқты алыс шетелдерге бара алмаса да, Кеңес Одағының түрлі қалаларында білім алды. Бірақ, басым көпшілігі тамырынан ажырап, ол жақта біржола қалып қойған жоқ. Елге келіп, еңбек етті. Сондықтан жырақта жүрген жастарымыздан айырылып қаламыз деп уайымдаудың жөні жоқ. Біздің міндетіміз – олардың бойына мемлекетшілдік рухын сіңіріп, қай жерде жүрсе де туған елдің игілігіне қызмет етуге жұмылдыру. Мысалы, әлемнің ең дамыған елдерінде өз кәсіптерін бастаған және алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүрген азаматтарымыздың осындағы замандастарымен байланысын нығайтып, тәлімгерлік етуіне жағдай жасауымыз керек. Дарынды жастардың бәрі шетелде жүрген жоқ. Ел ішінде де білікті әрі білімді өрендер жетіп артылады. Біз оларды басшылардың жаңа буынын дайындауға барынша тартып жатырмыз. Менің бастамаммен құрылған Президенттік кадр резерві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз. Билік органдарындағы азаматтар, ең алдымен, ұлттық мүддеге берік болуға тиіс. «Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын. Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету. Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі. Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Барша отандастарыма, әсіресе, жастарға айтарым: кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Мен жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенемін. Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс. Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!

                                     

«Бір ел – бір кітап» акциясы

2021 жылдың «Бір ел – бір кітап» акциясы. ЖЫЛ КІТАПТАРЫ анықталды. Отыз жылдыққа отыз кітап«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы оқырмандар арасында өз орнын тауып келеді. Аталмыш жоба қазақ әдебиетінің қазыналы туындыларын насихаттау, оқу мәдениетін қолдау және дамыту, жастарды рухани және патриоттық тәрбиеге баулуға бағытталған. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы осымен 15 жыл қатарынан ұйымдастырып келе жатқан акция аясында таңдалған кітаптар республикалық, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық және мектеп кітапханаларында кеңінен насихатталатын болады.

Жақында 2021 жылдың Жыл кітаптарын таңдау бойынша «Бір ел – бір кітап» акциясы комиссиясының кезекті отырысы болып өтті. Бұл жолы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жалпыхалықтық оқуға «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы ұсынылып отыр. Акция аясында ел болып оқитын кітаптар үлкенді сыйлау, сөз тыңдау, ата дәстүрін құрметтеу сияқты дәстүрлерге мән беруге, рух, жан тазалығын, шынайы қасиеттерді сүйіп, толғанулармен оқырман жүрегінде орын табады деген сенімдеміз.

Назарларыңызға «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітаптың» тізімін ұсынып отырмыз.

Поэзия

  1. Мұқағали Мақатаев «Өмірдастан»

2. Жұмекен Нәжімеденов «Менің Қазақстаным»

3. Ұлықбек Есдәулет «Киіз кітап»

4. Серік Ақсұңқарұлы «Көкейімде Күлтегіннің жазуы»

5. Тоқтарәлі Таңжарық «Түн парақтары»

6. Бақытжан Қанапиянов «Достояние души»

Проза

1. Тынымбай Нұрмағамбетов «Періштелердің өлімі»

2. Тобық Жармағамбетов «Отамалы»

3. Сәуле Досжан «Қасірет пен тағдыр»

4. Юрий Серебрянский «Дәмді де пайдалы қазақстандық әдебиет»

5. Дәурен Қуат «Бөрісоқпақ»

6. Тұрысбек Сәукетай «Желқайық»

Драматургия

1. Рахымжан Отарбаев «Айна ғұмыр» пьесалар жинағы

2. Дулат Исабеков «Жеті желкен» пьесалар жинағы

3. Мадина Омарова «Көмбе нанның дәмі»

4. Иран-Ғайып «Қорқыттың көрі» пьесалар жинағы

5. Думан Рамазан «Пешене» пьесалар жинағы

6. Сая Қасымбек «Жанталас»

Балалар әдебиеті

1. Ыбырай Алтынсарин «Өнер-білім бар жұрттар»

2. Бердібек Соқпақбаев «Жекпе-жек»

3. Марат Қабанбаев «Жиһангез Тити»

4. Толымбек Әбдірайым «Алабұға аулаған күн»

5. Зира Наурызбаева, Лиля Калаус «Алтын тостағанды іздеу»

6. Мәди Айымбетов «Бар болғаны он төрт жас»

Аударма

  1. Юсупов Кеңес

Габриель Гарсиа Маркес «Жүз жылдық жалғыздық»

  • Әдетов Бекболат

Эрих Мария Ремарк «Аманат өмір»

  • Ахметов Әділ

Агата Кристи «Ғайып болған миллион»

  • Меллат Төлеген

Халид Хусейн «Жарқыраған мың күн»

5. Мәзен Динара

Ж.К. Роулинг «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме»

6. Құрметұлы Амангелді

Орхан Памук «Менің атым – Қырмызы»

«БІР ЕЛ – БІР КІТАП» акциясы

Алғы сөз

Қазақстан Республикасының «Бір ел – бір кітап» акциясы

      Елімізде республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ, жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикалық шығармаға, қазіргі көркем шығарма мен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.

Бурабай ауданының орталықтандырылған кітапханалық жүйесі ұсынып отырған әдістемелік көрсеткіш авторлардың шығармаларын кеңінен насихаттауда, оқып, білуде кітапханашыларға көмекші құрал болмақ.

Бұл басылымда «Бір ел – бір кітап» акциясы туралы ақпарат беріліп, қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезов  пен қазақ жазушысы, қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың өмірі мен шығармашылығы жайлы мәліметтер берілген. Сонымен қатар, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын және Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романдарын көпшілік оқырмандарға насихаттауға арналған әдеби кештердің үлгісі берілген.

Басылым әдебиет сүйер қауымға, көпшілік оқырмандарға сондай-ақ, кітапханашыларға көмекші құрал болмақ.

Акция туралы ереже

Оқу адамзаттың жан-жақты да белсенді болуына ықпал ететінін және жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуындағы маңызды функцияны атқаратынын мойындай отырып, қоғамды дамытудағы басым міндеттердің бірі ретінде оқуды қолдауды қарастыра келе, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Бір ел – бір кітап» акциясын жыл сайын жүзеге асыруды ұсынады.

Акция тарихы 

Қазақстандық «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы АҚШ-та өте танымал болған «Бір кітап, бір Чикаго» және «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» деген кітапханалық жобаларына негізделген. Шартқа сәйкес бүкіл қала тұрғындары бір мезгілде бір шығарманы оқуға тиіс.

Бір кітапты жалпы қала болып оқу идеясы АҚШ-тың солтүстік-батысындағы ірі қала Вашингтон штатына қарасты – Сиэтл көпшілік кітапханасының кітап орталығы тарапынан ұсынылған. 1998 жылы «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» тақырыбымен алғаш өткізілген акцияның мақсаты – Сиэтл халқының бірлігін нығайту және оларға оқуды насихаттау. Бұдан соң осыған ұқсас мәдени шаралар Чикаго, Буффало, Рочестер қалаларында да ұйымдастырылды.

«Бір кітап, бір Чикаго» (One book, one Chicago) бағдарламасы Чикаго жұртшылығына белсенді ықпал ету арқылы Чикаго көпшілік кітапханасында басталды. Оның негізгі мақсаты қаланың ересек тұрғындары мен жастарын бір кітапты бір уақытта оқуға және оны ұжым болып – отбасында, жұмыста жолдастары мен таныстары арасында, кітапханаларда, оқу мекемелерінде, кітап дүкендерінде, діни ұйымдарда, кафелерде және басқа да қоғамдық орындарда талқылауға ынталандыру болып табылады. Бұл – қаланың кенеттен кітап сүйерлер клубына тән өзгерістермен құбылатын күні.

2000 жылдың қазан айында Чикаго қаласында «Чикагода кітаптар апталығы: Оқуға құмар қала» тақырыбымен тұңғыш рет қалалық фестиваль өтті. Осы фестиваль аясында қоғамдық талқылаумен және авторлар баяндамаларымен бірге кітап тұсаукесерлері, сондай-ақ семинар, экскурсия секілді басқа да шаралар ұйымдастырылды. 7 апта бойы Чикагоның он мыңдаған халқына ауқымды іс жүргізіліп болған соң, Пулитцеров сыйлығына лайық деп танылған американ жазушысы Харпер Лидің (1926 ж.) «Убить пересмешника» (1960 ж.) атты романы талқылауға түсті. Кітап авторы бүкіл әлем мен осы замандық Чикаго үшін өзекті болған толеранттық және нәсілшілдік сияқты маңызды мәселелерді алға тартады.

Бүгінде «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы әлемдегі көптеген елдерге кең тараған (Испания, Латын Америкасы елдері және Корея т.б.). «Сто лет одиночества» романының авторы Габриэль Гарсиа Маркестің 80 жылдығына арнап Испанияда оқу марафоны өткен еді. Қалаушылар романды бірнеше күн бойы үздіксіз дауыстап оқыды. Осы марафонды Испания Үкіметі басшысының орынбасары Мария-Тереса Фернандес де ла Вега ашты. Бұдан дәл 40 жыл бұрын жарыққа шыққан романды 7 бетке сыйғызып айту үшін әрбір қатысушыға 15 минуттан уақыт бөлінді.

2003 жылы Кореяда бірлесе оқуға негізінен балалар кітабы таңдалды. Бұл жоба одан кейін «Бір кітапхана – бір кітап», «Бір ауыл – бір кітап» деген жобалар түрінде көрініс тапты.

«Жаппай оқу оқиғасы» жыл сайын Англияның оңтүстік-батысында өтеді.  Бұл аталған облыстың барша халқы әр жылдың қаңтарынан наурыз айына дейін бір кітап оқуды қолға ала бастады. 2006 жылы олар Жюля Вернаның «Вокруг света за 80 дней» атты кітабын оқыды.

«Бір ел-бір кітап» республикалық акциясының қорытындысы бойынша  2020 жыл таңдауы жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы мен Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романдары таңдап алынды.

«Бір ел – бір кітап» акциясы аясында таңдап алынған кітаптар (2007-2020)

«Бір ел – бір кітап» -2020. Жыл кітабы – Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы, Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы»

«Бір ел – бір кітап» – 2019. Жыл кітабы – Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы, Әбділдә Тәжібаевтың «Лирикалық өлеңдері.

«Бір ел – бір кітап» – 2018. Жыл кітабы – Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» туындылары 

«Бір ел – бір кітап» – 2017. Жыл кітабы – С.Торайғыровтың шығармалары

«Бір ел – бір кітап» – 2016. Жыл кітабы – Д.Бабатайұлының шығармалары

«Бір ел – бір кітап» – 2015. Жыл кітабы – І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы

«Бір ел – бір кітап» – 2014. Жыл кітабы – С. Мұратбеков «Жусан исі» және «Басында Үшқараның…»

«Бір ел – бір кітап» – 2013. Жыл кітабы – Ф. Оңғарсынова «Дауа» өлеңдер жинағы

«Бір ел – бір кітап» – 2012. Жыл кітабы – О. Бөкей шығармалары 

«Бір ел – бір кітап» – 2011. Жыл кітабы – Ж. Аймауытов «Ақбілек» романы

«Бір ел – бір кітап» – 2010.  Жыл кітабы – Ж. Молдағалиев «Мен – қазақпын» поэмас

«Бір ел – бір кітап» – 2009. Жыл кітабы – М. Жұмабаев. М. Жұмабаевтың лирикасы

«Бір ел – бір кітап» – 2008. Жыл кітабы – М. Әуезов «Қилы заман» повесі


«Бір ел – бір кітап» – 2007. Жыл кітабы – Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері»

         Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897, 28 қыркүйек – 1961, 27 маусым) – қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒАның академигі (1946), Қазақ КСРнің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957).

28 қыркүйекте бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде туып, балалық шағы көшпенді ауылда өтті. Болашақ жазушы ұлы Абай өз шығармаларында сонша терең әрі жанжақты суреттеген сол кездегі қазақ қоғамының сипаты мол, қайшылыққа толы өмір тұрмысын көзімен көрді. Семей қаласында медреседе, онан соң бес кластық орыс мектебінде, ал 1915–1919 жж. мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде халық аңызы бойынша «Еңлік–Кебек» пьесасын жазады. Бұл қазақ ұлттық драмасының қарлығашы еді. Осы пьесасы мен 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты. Сол жылдарда Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, басқа да белгілі әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен жақындасады. «Абай» журналын шығаруға атсалысады. «Оян, қазақ» деп ұран тастаған қозғалыс, олардың демократиялық идеялары Әуезовтің өмірлік мақсатын санасын белгілеуіне тірек болды. Алашорда қайраткерлері өкімет орындарынан, ресми саясаттан ығыстырыла бастаған соң, 1923 жылдан бастап көркем әдебиет саласына бар күш қуатын жұмсап, өнімді еңбек етуге кіріседі. 1923–1926 жж. «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» әңгімесін жазады.

1923–1928 жж. Ленинград университетінде оқып, тіл мен әдебиет факультетін бітіреді. Одан кейін Ташкентте Ортаазия мемлекеттік университетінің аспирантурасында шығыс фольклоры бойынша маманданды. Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) оқыған соңғы жылында екі тамаша повесть жазған: «Қараш   Қараш» пен «Көксерек».

Саяси қызметтен бас тартып, бірыңғай зерттеуге ойысқан кезде, ол әдебиетшіге де сол саясаттың шырмауынан шығу қиын екенін ұға білді. Ондаған жылдар бойы оған ұлтшылдық, байшылдық идеяларды жақтаушы деген кінә тағылып келді. Қудалау көріп, 1930–1932 жж. қамауда болды, тұтқыннан құтылу мақсатымен ашық хат жазды.

Әуезовтің тарихи тақырыпқа баруының тамыры тереңде жатыр. Тұңғыш көркем туындысы «Еңлік Кебек», онан кейін «Хан Кене» мен «Қилы заман», «Айман Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды» драмалары да осыны аңғартады. Бұлардың кейбіреуі ел арасында кең тараған, бұрыннан белгілі сюжетке құрылса, «Хан Кене», «Қилы заман» тарихта болған нақтылы оқиғаларды арқау еткен.

М.Әуезов 20 жылдардың өзінде проза мен драматургияда келелі туындылар беріп, қазақ әдебиетінің классигіне айналды. Отызыншы жылдары бір топ әңгіме («Қасеннің құбылыстары», «Іздер», «Шатқалаң», «Құм мен Асқар», «Бүркітші»), пьесалар («Айман–Шолпан», «Тас түлек», «Шекарада», «Түнгі сарын») жазады.

30 жылдарда Абай мұрасына әр қилы баға беріліп, онан кейін де қымқиғаш пікірлер айтылып жүргенде, Абайды тереңдеп, кеңінен тануды өзіне өмірлік мақсат ету ол кезде біліктілік, даналық қана емес, үлкен ерлік те болғаны хақ. Кесек, кең тынысты, сан миллион оқырмандардың жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Әуезовтің дүние жүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді.

1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Татьянаның қырдағы әні» дейтін прозалық үзінді жарияланды. Бұл – болашақ романның бір тарауы еді. Осыдан соң, 1940 жылы, Л.Соболевпен бірлесіп «Абай» трагедиясын жазды.

Мұхтар Омарханұлы 15 жыл бой «Абай жолы» атты өзінің 4 томдық даңқты тарихи роман-эпопеясын жазды. Мұның «Абай» аталған бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы жарық көрді. Орыс тіліне аударылған. «Абай» романының екі кітабы 1949 жылы 1дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Төрт кітаппен біткен эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. «Абай жолы» 30 тілге аударылып, дүйім дүние оқырманынан өте жоғары баға алды.     

М.Әуезов көркем тәржіме жұмысына белсене атсалысып, И.Тургеневтің «Дворян ұясын» аударды, КСРО жазушыларының ІІ съезінде көркем аударма туралы арнаулы баяндама жасасты.

Үлкен ғалым, педагог Әуезов қазақ әдебиеті тарихын зерттеу, әдебиет кадрларын даярлау жөнінде шексіз көп еңбек сіңірді. Абайтану ғылымының негізін салды, көп томды «Қазақ әдебиеті тарихының» қазақ фольклорына арналған томының (1960) негізгі авторы және редакторы болды. Қырғыздың «Манас» эпосы туралы монография жазды.

КСРО Жазушылар одағы Президиумының, Бейбітшілікті қорғау кеңесі комитетінің, Лениндік сыйлықтар жөніндегі комиссияның мүшесі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ мемлекеттік университетінің көп жылдар бойы профессоры болған М.Әуезов 4–5 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде де зор қоғамдық міндет атқарды.

«Абай жолы» эпопеясынан кейін дәуір шындығын суреттейтін кең ауқымды жаңа эпопея жазуға кіріскен еді. Соның «Өскен өркен» атты 1кітабының нұсқасын салып кетті. Ол 1962 жылы жарияланды.

Әдеби еңбегі үшін жазушы 1957 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1961 жылы 27 маусымда қайтыс болғаннан кейін, республика үкіметінің қаулысымен Қазақ КСР ҒА Әдебиет және өнер институтына, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді. Жазушының әдеби мемориалдық музейі ашылды, Алматы қаласының бір ауданы, бірқатар мектептер, көшелер қаламгер есімімен аталады. Туғанына 100 жыл толуына орай мерекесі ЮНЕСКО шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті. Шығармалар жинағының 50 томының 36 томы жарық көрді (1998–2008).

Әлімжанов Әнуар – (1930–1993)         

12 мамырда бұрынғы Талдықорған облысы, Сарқанд ауданындағы Қарлығаш ауылында туған. Алдымен шешеден, 1941 жылы әкеден жетім қалған ол интернатта, балалар үйінде тәрбиеленіп, білім алған.  

1949 жылы Лепсі педагогика училищесін, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген. Жазушы өзінің журналистік қызметін облыстық «АлмаАтинская правда» газетінен бастаған.  

1955 жылы наурыз айынан бастап «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша меншікті тілшісі, кейінірек «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары, Қазақстан және Қырғызстан республикалары бойынша «Правда» газетінің тілшісі, «Қазақфильм» студиясының Бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, республикалық тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.  

Жазушы Азия және Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі комитеттің, Африка халықтарымен достықтың Қазақ Ассоциациясы Президиумының, Африка халықтарымен достықтың Ассоциациясы Басқармасының мүшесі, Қазақ КСР және КСРО Жоғарғы Кеңестерінің депутаты болды.  

Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты. «Құрмет Белгісі», Халықтар Достығы ордендерімен марапатталған. Қазақстанның Халық жазушысы. 

Шығармалары: Белый друг, желтый друг, черный друг. Очерк. А., ҚМКӘБ, 1958; Когда встречаются друзья. Очерк и рассказы, А., ҚМКӘБ, 1959; Вечные корни. Очерки и рассказы, А., ҚМКӘБ, 1960; Пятьдесят тысяч миль по воде и суши. Очерки и рассказы. А., ҚМКӘБ, 1962; Пылающее копье. Очерки и рассказы. А., «Жазушы», 1976; Караван идет к солнцу. Повесть, А., ҚМКӘБ, 1963; Синие горы. Повесть. А., ҚМКӘБ, 1964; Сувенир из Отырара. Повесть А., «Жазушы», 1966; «Мость Карасункара». Повесть. А., «Жазушы», 1969; Стрела Махамбета. Роман. А., «Жазушы», 1969; Гонец. Роман. А., «Жазушы», 1974; Возвращение учителя. Роман. А., «Жазушы», 1978; Избранные в 2х томах. А., «Жазушы», 1979; Көгілдір таулар. Повестер. А., «Жалын», 1982; Дороги людей. Роман. М., «Советский писатель», 1984. Бұл кітаптардың басым көпшілігі Алматыда қазақ тілінде, Мәскеу  баспаларында орыс тілінде басылды.

Жазушы Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романанда керемет бір идея бар. Ол – әл Фарабидің араб жұртына тек үйрену үшін емес, түркі әлемін, қыпшақ өркениетін таныту үшін жол тартқаны.
Ол әл-Фараби үшін жанын шүберекке түйіп арпалысты, көрші ағайындармен тайталас өршіп тұрған кезде  одақтық «Литературная газетада» Отырардан шыққан данышпан туралы Мәскеудің ресми шешімінің алдын алар мақала жариялады. Ол өз ойын Өзбекстанда шығатын «Правда Востока» газетіне шейін бастырды. Бұл шаруаға тәжік достарын – атақты ғалым Б. Ғафуровты,  Лениндік сыйлықтың лауреаты Мирзо Тұрсынзадені, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мумин Каноатты да араластырды. Қазақстан басшылығына жаңа ғимаратқа көшкен орталық кітапханаға әл-Фарабидің атын берейік деп ұсыныс айтқан да Ә.Т. Әлімжанов болатын. Жүрегі қазағым, шығыс мәдениеті деп соққан қаламгердің ұлы бабамыз Әбунасыр әл-Фарабиді қазақ топырағына алып келуге осылайша нақты үлес қосты.

         «Абай жолы» роман-эпопеясы

«Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтың «Абай жолы роман-эпопеясы әлемдік деңгейде: «XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары баға алды. Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), онан кейін мұның жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын; 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды. Онда қазақ халқының этнографиялық, діни, жалпы мәдени-танымдық дәстүрлері: жаз жайлауға көшу, құдалыққа бару мен той жасау, кісі өлімі мен аза тұту, ас беру, жұт, болыс сайлауы, дауға билік айту, аң аулау мен табиғат көріністері, т.б. бәрі бар. Роман-эпопеяның танымдық мәнімен бірге ұлттық әдебиет пен мәдениетті, ана тілін өркендетудегі рөлі зор болды. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО мемлекеттік сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды. Эпопея дүние жүзі халықтарының бір жүз он алты тіліне аударылған. Ол екі жүз томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» топтамасында екі том болып басылды.

Қазақтың аса бай әрі көркем тілімен өрнектеліп жазылған бұл шығарма қазақтың бар болмысын  барынша ашып көрсетіп, халқымыздың  барша әлемге танылуына түрткі болды. Аталған романның басты кейіпкері қазақтың маңдайына біткен жұлдызы, қазақ жазба әдебиетенің, әдеби тілінің негізін салушы, ағартушы, ұлы ақын –Абай Құнанбаев. Әуезовтың ұлттық тілмен көркем суреттей білген білімді сүйген, әділдікті сүйген Абай бейнесінен үлгі тұтар тұлға ретінде одан асқан адам жоқ екендігін ұғынуға болады. Өз заманында әкенің емес, халықтың ұлы бола білген ол қазіргі жастарымызға  атаның емес, ел қамын жеген, халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөле білген, ұлтжанды азамат болу керектігін  ұқтырғандай. «Абай жолы» романында қазақтың ұлы тұлғасы Абайдың өнегелі өмірі баяндалуымен  қатар, қазақ халқының тәрбиелілігі, салт-дәстүрге беріктігі, дана халық екендігі суреттеледі.

Камерун жазушысы: «Мен бұрын қазақтар туралы естімегенмін, енді оларды өте жақсы білемін. Себебі, Мұхтар Әуезовтың кітабын оқыдым, қазақтың ұлы ақыны Абаймен таныстым. Шығарманы оқи отырып,  Абаймен бірге өмір сүріп,қазақ даласының ауасымен тыныстағандай күй кештім» деп өз таңданысын білдірген болатын.

Алашты әлемге паш еткен «Абай жолы»

(Әдеби кеш)

         Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясына қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы таңдап алынғандықтан  көпшілік қауым болып аталмыш шығарманы оқуға шақырамыз.    

Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы ұлы ақынның ғажайып тұлғасын сомдап, қазақ халқының тұрмыс-салты мен бай дәстүрін әлемге паш етті. Жазушы М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын жазардан бұрын Абайдың тұңғыш шығармалар жинағын құрастырып, текстологиялық жұмыстар атқаруы мен Абай өмірбаянының төрт нұсқасын жазу арқылы айтарлықтай қор жасап алған еді. Ұлылықтың үлгісін пайымдаған, ұзақ жылдарға созылған терең ізденістің арқасында қат-қабат шырғалаңдардан адаспай тура жол тауып, ұлы мақсаттан ауытқымаған зор шығармашылық қажыр-қайраттың нәтижесінде дүниеге келген төрт томдық эпопея дүние жүзі әдебиетінің көркін асырып, кемел төрінен орын алды.

Төрт томдық романның әр кітабының құрылымы мен стилінің бірін-бірі қайталамауының өзі де жаңалық еді. Жазушы әрбір роман құрылысын негізгі кейіпкерлерінің жан-дүниесін, рухани өсуін көрсету үшін өзгертіп алып отырады.

Бірінші кітап жас Абай қызықтаған жастық романтикасына негізделіп, оның ел тіршілігімен танысып, ашылуын бейнелесе, екінші кітап ақындыққа, ойшылдыққа бетбұрысты танытады. Мұнда жастық романтикасының орны, адамдар арасындағы тартыс айтылады.

Үшінші кітап Абайдың өз ортасынан бөлініп шығып, туған халқымен табысуын, халыққа бетбұрысын танытса, төртінші кітапта Абай жолының кеңейіп, қалаға, далаға тарауын, оның үлкен қоғамдық күшке айналуын көрсетеді.

 Романда қазақтың ХІХ ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың басына дейінгі жарты ғасырлық әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық саяси өмірі, рухани мәдениеті, діни наным-сенімдері, әрқилы әдет-ғұрыптары, салт-саналары жан-жақты суреттеледі. Жазушы «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы Абай өмір сүрген дәуірдің сипатын, халық тағдырын, оның күресі мен ілгері ұмтылысын зор көркемдікпен ашты. Сол кездегі қазақ өмірінің шындығына жазушы дана ақынның көзімен, ой-санасымен және қырағы болжампаздығымен қарады. Абай заманының сан түрлі сырын, Абай төңірегіндегі тартыстарды, көшелі кісілердің сөздерін Мұхтарға жеткізген – даланың жезтаңдай қарттары еді. Бұл орайда Көкбайды, Қатпа, Баймағамбет, Әрхамды айтуға болады. Абай мінезін, сырларын жеткізген жары – Әйгерім. Романда сан алуан көркем ойлар, сарындар, кемел образдар бар.

Қазақ өміріндегі толып жатқан әдет-ғұрыптың ішінде міндетті түрде орындалатыны адамның шаңырақ көтеруіне қатысты салттар: құда түсу, қыз айттыру, ұрын бару, қыз ұзату, келін түсіру тойлары екені даусыз. «Абай жолы» эпопеясында осындай дәстүрлі ғұрыптардың бәрі де шебер суреттеледі. Мәселен, Құнанбай Қарқаралы дуанына аға сұлтан болып сайланғаннан кейін, оның Алшынбаймен достығы құдалыққа ұласқан еді. Атақты Қаздауысты Қазыбек бидің шөбересі Алшынбайдың Түсібінің қызы Ділдәні Құнанбай Абайға он жыл бұрын айттырып, қалыңмалына қыруар жылқы, түйе айдатқан болатын. Енді қыз, күйеу оң-солын танысымен Құнанбай баласын қайындатып, Абайды Алшынбай ауылына «ұрын бару» сапарына аттандыруға кіріседі. Әрине, Алшынбай ауылына бала қайындату оңай дүние емес, ол ауылдың байлығы да, атақ-даңқы да, онда қалыптасқан үлгі, салт-дәстүр де өзгеше. Сондықтан да Абайдың ресми түрде алғашқы қайындау сапары сол жоғары деңгейге сай болуға тиіс. Бұл топта Абайдың анасы Ұлжан мен Ызғұтты бастаған, ішінде әнші, күйшілері де бар отыздай адам болды. Ал осы жолы ғана апарған малдың ұзын саны – жетпіс жылқы, отыз түйе, жыртыс, ілу сияқты толып жатқан ырым-жырымға деген дүние екі атанға жүк болған көрінеді. Қайындап барған күйеуге әдетте арнайы жаңа киім, әсіресе биік төбелі тымақ кигізетін болған. Осылайша көшкен елдей артынып-тартынып барғандарына қарай Алшынбай ауылы да оларды қарсы алуға ерекше дайындалады. Сөйтіп, құдалар жағы он шақты күндей, ал күйеу мен оның маңындағылар қалыңдық ауылында 15 күндей болады. Әрине, бұл күндердің бәрі де негізінен той-думанмен өтеді. Қазақтағы осылайша бала қайындату ғұрпының басты мақсаты жастай айттырылып, бірін-бірі көріп-білмеген жастарды 14-15-ке толып, ержеткен шақтарында ресми түрде кездестіріп, таныстыру. Міне, сол ізгі ғұрыпты Абай мен Ділдә да бастарынан өткергенін этнографиялық жағынан егжей-тегжейлі аса дәлдікпен суреттейді жазушы. (І т., 239-253-б).

Романда жазушы әр рудың бас киім үлгілеріне баса назар аударады, оның ішінде тымақ үлгісі ерекше суреттеледі. Мәселен, Балқыбектегі сиязға жиналған арғын, найман, керей, уақ адамдарының басына киген тымақ үлгісінен олардың қай елдің адамдары екенін бірден тануға болатындығы айтылған: «Мырзаларынан бастап, қосшыларына шейін киім үлгілері бірінен бірі бөлек рулар байқалады. Бұнда төрт сай, аласа төбелі Тобықты тымағы, жіңішке, ұзын төбелі Керей тымағы, сырмаланған алты сай Найман тымағы, сегіз сай Уақ тымағы бар. Бірінен бірі бөлек, шапан-кемзал үлгілері, ер-тоқым, басқалары да Абай көзіне бадырайып, айқын байқалады» (1-т. 711-б.). Жазушының романда құс салып, саят құрған, қыз ұзатып, ас беруді, өлік жөнелтуді суреттейтін тараулар, билер айтысы мен билік шешкен қазылық картиналарының әрқайсысы жеке-жеке ғылыми-этнографиялық еңбектерге пара-пар. Абай жолын оқығанда, араға ғасыр салған, күннен-күнге алыстап бара жатқан дәуірдің ащы зарын өз құлағыңызбен естисіз, ауыр арпалысын өз көзіңізбен көресіз, алуан адамдардың тұрмысы мен толғанысына ортақ боласыз. Заманның осындай күрделі тарихи-рухани болмысын бұлжытпай жеткізіп, мұқият кестелеген, көркемдігі үздік шығарманың басынан аяғына дейін көктеп өтетін алтын арқау бар, ол – ақын Абайдың өзіне тән шыншылдық пен сыншылдық рухы.

Романда тек қана М.Әуезовтің шындығы ғана емес, көп ұрпақтың жан сырлары бар. «Абай жолы» роман-эпопеясын Қ.Сәтбаев «қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп атаған. М.Әуезовтің сүйікті шәкірттерінің бірі, жазушы Шыңғыс Айтматов «Абай жолы» романы туралы: «Бұл роман – бүкіл түркі тілдес халықтардың да адамзат мәдениетіне қосқан үлесі. «Абай» эпопеясы – біздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз. Бұл – біздің ортақ мандатымыз, біздің ұлан байтақ Еуразия кеңістігіндегі бүкіл бастан кешкен заманымыз тура келген бүкіл тауқыметіміз үшін өз қазынамыздың жүйесін, өзіміздің көркемдік және адамгершілік дүниемізді, өзіміздің ұлы поэтикалық сөзімізді жасап, қол жеткізе алған бүкіл игіліктеріміз үшін берілген есеп… М.Әуезов бізді осы мағынада алғанда жалпы ұлт үшін маңызды көркемдік – тарихи ой-пікірдің дүниежүзілік деңгейіне көтерді. Дүниені көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болуы керек. Біз өзіміз жайында ұлы жазушымыз көтерілген биікте тұрып ой түйеміз және басқа халықтармен сол биік арқылы араласамыз», – дейді. Демек, бұл күндері тәуелсіз мемлекетке айналып, жеріміздің байлығы мен кеңдігі төрткүл дүниені таңдандыра бастаған біздің, қазақ елінің, тіпті қала берді бүкіл түркі жұртының бай қоғамдық ойы мен рухани-көркемдік дүниетанымын әлем жұртшылығына осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ М.Әуезов өзінің ұлы шығармасы арқылы танытып қойған. Абайтану арқылы М.Әуезов өз халқының тыныс-тіршілігін терең білді, қам-қарекеті мен шаттығын, аяулы арманы мен нұрлы үмітін, тарихи болмысы мен бүгінгі бітімін терең ұғынды. Кемеңгер жазушыны әлемдік биіктерге жетелеген де, бағыт сілтеген де – Ұлы Абай! Абай жолы – халық жолы, халық жолы – Абай жолы. Осы бір тамаша бірлікті тарихи шындыққа сай және асқан көркемдік шеберлікпен көрсету, сөз жоқ, М.Әуезовтің ұлы шығармашылық жеңісі болып табылады.

«Алашты әлемге паш еткен «Абай жолы»» оқырман конференциясын, «Абай жолы» – қазақ өмірінің үлкен шежіресі», «Абайдың мұрасы – қазақтың асыл қазынасы», «Абай мұрасы – халық мұрасы» әдеби кештер, әдеби сағаттар өткізуді ұсынамыз.

Дәйек сөздер:

««Абай жолы» роман-эпопеясы –  қазақ өмірінің энциклопедиясы»

Академик Қаныш Сәтбаев

 «Бұл роман – бүкіл түркі тілдес халықтардың да адамзат мәдениетіне қосқан үлесі. «Абай» эпопеясы – біздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз».

Жазушы Шыңғыс Айтматов

  «XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі»

                                                                                    (Луи Арагон)

Құрастырушы: Бурабай ауданы Орталықтандырылған кітапханалық жүйесінің библиографы: А.Қ.Абдыгужина

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» мақаласы

Абай Құнанбайұлы тұлғасы да – сондай аралық кезеңнің жемісі. Ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір. Ол өмір сүрген тұста қазақ қоғамы бұрынғы хандық басқару жүйесінен біржолата қол үзіп, «өз қолынан өз ырқы кеткен» алды бұлыңғыр уақытқа тап болды; көшпенділік салттары дағдарысқа ұшырап, отырықшылық өркениет белгілері ентелеп ене бастады; баһадүр аламандықтың беті қайтып, заманауи білімге бет бұратын кез туып келе жатты.

Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды.Үлкен білімпаз Құдайберген Жұбанов Еуропа руханиятымен салыстыра айтқандай, Абай – «өз ортасының Данте сияқты адамы», яғни халықтың дәстүрлі сөз өнерін, таным жүйесін, мінез бітімін түбірімен жаңаша түлеткен санаткер. Орыстар үшін – Александр Пушкин, ағылшындар үшін – Уильям Шекспир, немістер үшін – Иоганн Гете, америкалықтар үшін – Уолт Уитмен қандай болса, қазақстандықтар үшін Абай да – сондай рухани ұлы тұлға. Мызғымастай көрінген Кеңес империясы құлап, тәуелсіз жас мемлекеттің негізін қалау миссиясы маған бұйырғанда, тарихтың «соқтықпалы, соқпақсыз» күрт айнымалы сәтінде хәкім Абайдың өсиетіне жүгініп, елімнің болашағына жаңаша көзқараспен қарағаным хақ. Байқауымша, ұлылықты ұғыну – бір бөлек те, онымен табысу және тоғысу, яғни түпсіз тереңіне бойлап, жеке болмысыңа жарату – өз алдына қырық қатпар құбылыс. Осыған орай «Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?» деген сауалға ден қойғанда, әлбетте, ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді десем, асыра айтқандық бола қоймас. Рас, өлең сөзге жүйрік, ел әдебиетіне қанық әжем Мырзабала мен анам Әлжан кішкентай күнімде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадыма барынша сіңірді. Бұл Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы болатын. Ал келешегіме бәйек боп жүрген қайран шешем мені тоғызыншы сынып бітірген соң Қаскелеңге өз қолымен жетектеп апарып, Абай атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығынан аттатқанда, алдымнан мүлде басқа әлемнің есігі ашылды. Ұлы ақынның есімін иеленген оқу ордасының шәкірті болудың өзі – бір жағынан мақтаныш, екінші жағынан жауапкершілік екенін ұқтым. Әрине, біз Абайдың мектеп жасына лайықталған оқу, ғылым, адамгершілік, табиғат тақырыбындағы хрестоматиялық өлеңдерін жұрт қатарлы жатқа айтатынбыз. Әсіресе, өзім ақынның философиялық астарға толы «Ескендір» поэмасын қайта-қайта құмарта оқығаным есімде. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғаббас Бейсенбетовке түсінбеген жерлеріме қатысты тосын сұрақтар қойып, соңынан қалмайтынмын. Бұл ынтызарлық менің көне грек әлеміне, оның билік пен даналық жүйесіне балалық қиялмен сапар шегіп, ойымның өрісі кеңеюіне едәуір септігін тигізді. Дана Абайдың «талапты ерге нұр жауар» деген қағидасын басшылыққа алып, 1958 жылы мектепті бітірген бойда тәуекелге бел байлап, Арқа төсіне аттандым. Ар жағы – Украинаның Днепродзержинск қаласы… Бұл менің тағдырымдағы бетбұрысты сәттердің бірі болғаны анық. «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел» демеп пе еді жарықтық Абай даладағы қой соңында жүрген қазақ баласына. Ондағысы «алыс-жақын демей, баратын жеріңе барып, маңдай тер, табан ақың арқылы кәсіп үйрен, нәпақаңды жи» дегені ғой. Біз қаршадайымыздан еңбекқор болып өстік. Қатарластар бәріміз әке-шешелерімізге қолғабыс етіп, бірге еңбекке араласып, шөп шауып, мал жайлап, отын жарып, жеміс өсіріп, бақша салып, жылдың төрт мезгілінде үзілмей кезектесе келіп отыратын шаруаны атқарысып, қара жұмысқа әбден төселдік. Кейін туған жерден шалғайдағы Теміртауда, «Карметкомбинаттағы» от-жалында балқыған болаттың ортасында құрыштай шыңдалдық.

Кейде біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді.

 …Тарих талқысы қызық. Абайға дейінгі заманға зер салсақ, ат жалын тартып мінген қилы замандарда өмір сүрген жыраулардың арқа сүйеген, сөз арнаған елтұтқасы болыпты. Әріде Тоныкөктің – кемеңгер Білге қағаны, беріде құтты қоныс іздеген Асан Қайғының – Жәнібек ханы, мұнан соң көмекей әулие Бұқардың – Абылай ханы, тіпті одан да кейініректе Нысанбай жыраудың Кенесарысы үлгісінде ел басшысы мен данагөй сөз иесі арасындағы қарым-қатынас ұлт тарихында Ұлы даланың әсем жарастығының айғағындай із қалдырыпты. Ал Абайдың маңдай тіреп, ой бөлісетін, назын айтатын алдияр ханы болған жоқ. Өйткені өктемдігін орнатқан империя реформаларының нәтижесінде Шыңғыс тұқымы екі тізгін, бір шылбырдан толығымен айырылды. Ал тіпті ақыр соңында қазақ үшін биліктің ең зоры, әрі кетсе, болыстық, ауылнайлық немесе ресми кеңседегі тілмаштық қана болып қалды. Cондықтан жаны күйзелген дана Абай салмақты сөзінің бір бөлігін «қалың ел, қайран жұрты – қазағына» бағыштаса, қалған уақытта «моласындай бақсының, жалғыз қалдым – тап шыным» деген сарында өзімен өзі мұңдасты. Ата-тегінде ел басқару үрдісі бар, әкесі Құнанбайдың аға сұлтандығын былай қойғанда, өзі де бірнеше рет болыстық қызмет атқарған Абай билік жүйесінің мән-мазмұнын «Көп шуылдақ не табар, Билемесе бір кемел», «Единица болмаса, Не болады өңкей нөл» деген концептуалдық пайымға сыйғызды. Дауылпаз жыраулардың соңғы тұяғы, «Халық – менің шын атым» деп тұтас ғасырдың жүгін арқалаған Жамбыл Жабаев «Абайдың суретіне» атты өлеңінде өзінен бір жас үлкен рухтас ағасының ішкі дүниесіне бойлай отырып:

Терең ойдың түбінде теңізі бар,

Тесіле көп қарасаң, көңіл ұғар.

Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,

Есіл сабаз ызамен өткен шығар!.. деп Абай трагедиясының шет-пұшпағынан хабардар етеді. Мәселе сол әр қазақтың Абайдың «тереңіне сүйсініп үңіле білуінде» жатқан жоқ па?! Абай заманында толық бодандыққа душар болған қазақ жері бұтарланған, бөлшектелген. Қармайтын тал қалмай, ел тұңғиыққа сүңгіген. Кезінде төрткүл дүние тарабын тоғыстырып, алаш жұртының айбынын асырған, мәңгілік ұйтқысына айналған кіндік шаһар – Түркістан өз мәртебесін жоғалтқанына біраз уақыт өткен. Шын мәнінде, Абайдың иек артып, тәу етіп баратын астанасы да жоқ еді. Елдікті аңсаған, бірлікті көксеген данышпан үшін мұнан артық қасірет табылмас. Бүгінгі күні әлемді аузына қаратқан салтанатты елордасы бар егемен мемлекетте өмір сүріп жатқан оның жасампаз ұрпағы мұндай ұлттық шексіз құндылықтың қадірін біліп, маңызын түсінуге тиіс.

Абайдың осы арманының орындалғанына, Есілдің жағасында еңселі байтақ қаланың ірге теуіп, бой көтеруіне мұрындық болғаныма мың да бір шүкіршілік етемін.

Тәуелсіздікті жарияламас бұрын елімізде жаһандық деңгейдегі аса маңызды шешім қабылданды. Ол – Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлық.

Қараңғы түнде тау қалғып,

 Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт дел-сал ғып,

Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол дағы,

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен дағы,

Сабыр қылсаң азырақ, – деген жолдар арқылы Абайдың Гетемен және Лермонтовпен сөз жарыстыра отырып бейнелеген туған топырағын 40 жыл бойы сұрапыл жарылыстар арқылы астан-кестең етіп, жаппай зобалаңға ұшыратқан тажалдың үні солай өшті. Сонда халқының бейбіт тұрмысын, жеке елдік қалпын ұлықтаған дананың рухы қайта байыздаған шығар деймін. Жаңа мемлекеттіліктің негізін қалау барысында көкейімде «Өз елімді ұшпаққа қалай шығарамын? Әлемнің ең алдыңғы қатарлы жұрттарының қатарына қалай қосамын?» деген сауалдар менің ойымды онға бөліп, санамды сан саққа жүгіртіп келеді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…». Бұл – Абайдың мәңгі жасайтын қағидасы. Мұның ғажайып үлгісін мен қаршадайымнан көзбен көріп өстім. Шамалған ауылында зұлмат заманның тауқыметін тартып, сонау жер түбінен еріксіз қоныс аударып келген түрлі ұлт өкілдері жапсарласа күн кешіп, қоян-қолтық араласа өмір сүрді. Олардың арасында месхет түріктері, шешендер, ингуштар, украиндар, немістер, қарашайлар бар еді. Біз өзіміз құралпы басқа жұрт балаларын еш жатсынбай, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай сезініп, құлын-тайдай тебісе жүріп жетілдік. Ал әкем Әбіш болса, түріне қарасаң – таулық, тіліне қарасаң – қазақшадан айырмасы шамалы бір малқар (ол кезде балқар деуші еді) отбасын үйімізге әкеп паналатып, жұмысқа орналастырды. Ішкен асымыз, жасаған тірлігіміз, көрген қызығымыз, шеккен қиындығымыз ортақ болғандықтан, тез арада туысып кеттік. Осындай ортада өскендіктен, адамзат баласын алаламайтын мінез бойыма ерте дарыды-ау деймін. Әлем тарихына үңілсең, ру мен ру, тайпа мен тайпа, одан әрі ұлт пен ұлт, содан соң мемлекет пен мемлекет арасындағы ірілі-ұсақты кикілжіңнің көбінің ар жағында Адам Ата мен Хауа Анадан тараған жұмыр басты, екі аяқты пенделердің бірін-бірі тегіне, түріне, тіліне, яғни нәсіліне қарап жатырқауы жасырынып жататын кездер жиі ұшырасады. Дініне қарай бөліну індеті де сұмдық зардаптарға ұрындырған. Абай айтқан осындай «алты бақан алауыздықтың» салдарынан талай жұрт өзара қырқыса жүріп, жер бетінен біржола жойылып кеткені мәлім. Кеңес Одағы ыдырауының барысында және тәуелсіздігіміздің елең-алаңында өз ішімізде неше түрлі іріткі салғыш, ірге бөлгіш пиғылдар оянып, сын сағаты туған кезде ел тізгінін ұстай отырып, тарихи тұрғыдан қалыптасқан көпэтностылық пен көпконфессиялық жағдайын бірінші кезекте ескеру қажеттігін аңғардым. Бір жағынан сепаратистік әрекеттер бой көтергені байқалса, екінші жағынан ұлтшылдық дабыл қаққан аласапыран кезеңдерді бастан өткеруге тура келді. Сондай күрделі ахуалда түсіністіктен татулыққа, ымырадан ынтымаққа қол жеткізу арқылы ғана тұтастығымызды сақтадық. «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» дейді екен дана бабаларымыз. Қазір айтуға оңай, сол уақытта біз «қайтсек, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарамыз» деп арпалыса жүріп, елдігіміздің шаңырағын шайқалтпай ұстап қалдық. Тұрмыс тапшылығын да бір тайқазаннан ас ішкендей бірге еңсердік. Ол қазақтың кең қолтық, ақ жүрек мейірбандығының және Алтай мен Атырау арасын сол қазақпен араласа жайлаған өзге ұлттардың Абай өнеге етіп қалдырған бауырластығының арқасында жүзеге асты. Кезінде жер жүзінде теңдесі жоқ институт атанған Қазақстан халқы ассамблеясының менің бастамаммен дүниеге келіп, елдегі татулық пен тұрақтылықтың ұйтқысына айналуының өзі ел бірлігінсіз еш ұлы мақсаттың орындалмайтынын жете түсінгендіктен жүзеге асты деп пайымдаймын. Ел бірлігі ұранын бағзы замандардан бері талай сұңғыла бабаларымыз қайта-қайта көтеріп отырған. Сонау ХVІІІ ғасырдың өзінде Бұқар жырау:

…Егер Абылай алдында бітпесең,

Атасын білмес алыспын.

Көшің кетер бір жаққа,

Малың кетер бір жаққа.

Көш соңынан жете алмай,

Есің шығар сол шақта, – деп бірлікке шақырса, Абай «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп, ХІХ ғасырда-ақ бірлік арқылы күллі адамзаттың көшіне ілесе білуге шақырды. Бұл – кемеңгер тұлғаның көрегендігінің белгісі еді. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жолында мен әрбір сөйлеген сөзімде ел бірлігі, ұлт татулығы мәселесін ұдайы еске салып отыратыным сондықтан. Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында: «Біз де бүгін ұлтішілік татуластыққа да, ұлтаралық татуластыққа да, әлемдегі барлық ел, барлық халықтармен ынтымаққа да, мәдениеттер арасындағы сабақтастыққа да Абайша қарап, Абайша қастерлеуге ерекше мән береміз», – деген едім. Осы қағида – менің ешқашан айнымайтын өмірлік ұстанымымның бірі. Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді өз еркіммен тоқтату туралы шешім қабылдамас бұрын болашақ ел басқарар азаматқа қажет қайраткерлік тәжірибе мен тағылым жайын ой тезіне, көңіл безбеніне тартып, асықпай, зер сала қарадым. Абайдың:

 Бас басына би болған өңкей қиқым

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

 … Бірлік жоқ, береке жок, шын пейіл жоқ,

 Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың, – деген өкінішін қайталамау қажеттігі тағы алдымнан шықты.

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат екенін есепке алмағанда, оның елдегі ішкі жағдайды саралап қана қоймай, шығыстың да, батыстың да тілдерін меңгергендігін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанын, әлемдік саясаттағы Қазақстанның орнын байыптай алатын дипломаттық қырын да ескердім. Сондай-ақ, өзім айрықша мән беріп келе жатқан ел бірлігі мәселесі мен адамзаттық құндылықтарды үйлестіру қабілетіне сенім арттым. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын ХХІ ғасырға қарышты қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі саяси, экономикалық және мәдени жетістіктері аясында атап өту туралы шешім қабылдады. Бұл – менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларымда қойылған мақсаттарды жүзеге асырудың заңды жалғасы және Абай мұрасын заман сұраныстарына сай қайта зерделеудің маңыздылығын білдіреді. Уақыт бір орында тұрмайды. Ұрпақ жаңарады, қоғам жетіледі, талап өзгереді. Есіме осыдан ширек ғасыр бұрынғы, тіпті одан сәл әріректегі кезең түсіп отыр. Себебі Абайдың ойы мен сөзін күллі әлемдік ауқымда мойындату мәселесін Кеңестер Одағы әлі тарамай тұрып, 1990 жылы халықаралық деңгейде көтерген едік. Бірақ ол кезде бізге құлақ аспады. Әрине, алдымыздан шыққан басты кедергі – Қазақстанның дербес мемлекет еместігі еді. Сондықтан асқақ тілегіміз егемендік алғаннан соң ғана қабыл болды. Абайды дүниенің даңқты тұлғаларының тізіміне енгізіп, 150 жылдық мерейтойын халықаралық дәрежеде атап өту жөніндегі ұсынысымды қолдаған ЮНЕСКО ұйымының сол уақыттағы бас директоры Федерико Майор мырза кейіннен мерекелік салтанатты шараларға да өзі арнайы келіп қатысты. Және бір айта кететін нәрсе, осы арада биік мәртебелі халықаралық ұйым тарапынан тұрақты тәртіпке айналған бір шарттылық бұзылды. Өйткені бұрын тек 200, 300, 500 секілді соңы бірнеше нөлмен аяқталатын сандарға сәйкес келетін мерейтойлар ғана тізімге ілінетін. Жас мемлекет үшін халықаралық ұйым тарапынан мұндай қолдау көрсетілуі ұмытылмасы анық. Абай мерейтойына әзірлік өте қиын-қыстау кезеңде қолға алынды. Экономикалық-әлеуметтік проблемалар шаш-етектен болып тұрғанына қарамастан, нар тәуекелге бардық. Арнаулы қаулы қабылдап, атқарылатын іс-шараларды тиесілі мемлекеттік құрылымдар мойнына жүйе-жүйесімен жүктедік. Мерейтойға әзірлік жөніндегі республикалық комиссия және штаб құрылып, оны қаржылық, материалдық-техникалық, инфрақұрылымдық, идеологиялық, дипломатиялық, ғылыми, мәдени тұрғыдан қамтамасыз етудің нақты шаралары бекітілді. Барлық жұмыстың барысын өз бақылауымда ұстадым. Жауапты тұлғалардың қатысуымен арнаулы мәжілістер ұйымдастырып, жағдайды жан-жақты пысықтап отырдым. Шабандық, салғырттық, немқұрайдылық, атүстілік белең алған тұстарда талапты күшейтіп, тіпті мерейтойдың маңызын тереңірек түсіндіру үшін дайындық барысындағы басқосудың бірін Семей қаласына барып өткіздім. Сондағы жиын үстінде: «Абай тойы – тек Алматы мен Семейге, Жазушылар одағына, басқа да шығармашылық ұйымдарға ғана керек шаруа емес. Бұл – бүкіл республиканың, күллі Қазақстан халқының мерекесі. Бұл, шын мәнінде, біздің тарихи және рухани жадымызға, керек десеңіз, осындай іс-шараны мемлекеттік деңгейде өткізе алатынымызға, ұйымшылдығымызға сын. Оның үстіне, Абай мерекесі даңғойлықты көтермейді, ұлы адамды еске алу құрметіне, турасын айтқанда, атаулы күндерді атап өтуде бізде үйреншікті әдетке айналып кеткен шектен тыс ас та төк той жасаудың қажеті жоқ. Парасаттылық, ақылға қонымдылық, ең бастысы, зиялылық пен ұстамдылық қажет. Мерейтой даңғазалықтан аулақ, жоғары мәдениеттілік аясында өтуге тиіс. Абайдың өзі бізді осыған үндеп кеткен және оның өсиетіне кереғарлық етуімізге болмайды», – деген екенмін. Бұл сөздерді жайдан-жай айтпаған едім. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде ұлт тарихындағы көп ақтаңдақтардың беті ашылып, «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұранмен көпшілік жұрт өзінің қағаберісте қалған бабаларын түгендеп жатты. Олардың ішінде ұлттық деңгейдегі батыр, билермен қоса, дәреже-дәрпі жергілікті жерлерге ғана танымал тұлғаларға да ас беріліп, құрмет көрсетілді. Тоталитарлық жүйе құрсауында құндылықтарына тыйым салынып, іштей булығып келген халықтың ақ түйенің қарны жарылғандай сезімі мен сеніміне тосқауыл қою әбестік саналар еді. Бірақ той тойлаудың да, ой ойлаудың да жөні бар. Алты алаштың абызы болып қана қоймай, адамзаттың асқарынан көрінген халқымыздың ең аяулы перзенті, дана ұстазы – Абай мерекесін бүкілхалықтық деңгейде лайықты өткізу мемлекет мерейі екенін ұғындыру керек болды. Сөйтіп, Абай тойының алдында оның аруағын одан әрі ұлықтау, өмірбаяндық деректерінің көмескі парақтарын қайта жаңғырту, әдеби, философиялық және музыкалық мұрасын тәуелсіздік тұрғысынан тыңнан пайымдау, әлемдік деңгейде кеңінен таныту бағытында іргелі жұмыстар атқарылды. Ұлы ақын шығармаларының алғаш рет жан-жақты текстологиялық сараптамадан өткен екі томдық академиялық жинағы, «Абай» энциклопедиясы жарық көрді. Абайдың өмірі мен шығармашылығын тұтас қамтитын «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі құрылды. Жидебайда үш жүз алпыс әулиелі мекен Маңғыстаудан әкелінген ұлутастардан ақшаңқан күмбезді Абай-Шәкәрім кесенесі тұрғызылып, оның ашылу рәсімінде бұл орынның енді әр қазақ үшін рухани Меккеге айналғанын атап өттім.

Алатаудың жан-жағы тіп-тік құлама құздармен қаусырылып, заңғар басына бұлт қонақтаған Абай шыңына көтеріліп, ақын рухына тағзым еттім. Ұлы ақынның өз халқымен бірге адамзаттың биігінен көрінгенін тіледім.

Сол жылы Абайға арналған салтанатты іс-шаралар Түркияда, Ресейде, Қытайда, Францияда, Венгрияда, Үндістанда, Мысырда, Украинада, Қырғызстанда болып өтті. Лондонда Абай үйі ашылды. Ұлы ақынның әлем елдері руханиятының табалдырығынан аттап, бұрын көз көрмеген көкжиектерге енді ешкім тосқауыл қоя алмайтын мәңгілік сапары басталып кетті. Абайдың 150 жылдығы аталып өткеннен бергі уақыт ішінде дүние жүзінің бірқатар елінде оның құрметіне көше аттары беріліп, Ренн (Франция), Будапешт (Венгрия), Каир (Мысыр), Мәскеу (Ресей), Ыстамбұл (Түркия), Бейжің (Қытай), Ташкент (Өзбекстан), Тегеран (Иран), Баку (Әзербайжан), Витебск (Беларусь) қалаларының көрнекті орындарында ескерткіштер мен мүсіндер қойылды. Ретінше 2006, 2013 жылдары Мәскеу мен Ташкентте орнатылған Абай ескерткіштерінің лентасын Ресей Федерациясының президенті В.Путинмен және Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті И.Кәрімовпен бірге қидым.

ХХ ғасырдың екінші онжылдығында, дәлірек айтқанда, 1913 жылы ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» дей келе, соған қарамастан Абайдың есімін тек Семей мен Ақмола облыстарының қазақтары ғана білетінін, ал дүниеден қайтқан соң жарық көрген жалғыз кітабы ел ішіне кеңінен таралмай жатқаны туралы қынжыла жазған еді. Қарап отырсақ, содан бергі бір ғасырдың көлемінде бірте-бірте ұлы ақынның даңқы жер жүзіне әйгілі болатындай деңгейге жетіппіз. Ол – алдымен, әлбетте, Абайдың теңдессіз кемеңгерлігінің, содан соң тәуелсіз мемлекеттігіміздің арқасы.

Абай қаншама тас қапас заманда өмір сүрсе де, болашаққа үмітпен көз тікті. Ол өлеңдерінде «жаңа өспірім, көк өрім», «тілеуі, өмірі алдындағы», «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі бермек үшін ғибрат айтты. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» дей отырып, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тағылымын үйретті. Батыс пен Шығыстың ілімін толық игерген Абайдың өнегесін ескере отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің жастары арасынан халықаралық стандарттарға сай, білімі мен білігі жоғары мамандар даярлау мақсатымен «Болашақ» президенттік стипендиясын тағайындадық. Соның арқасында ұлы ақын өмір сүрген заманда «интернатта оқып жүрген» қазақ баласының ұрпақтары ХХ және ХХІ ғасырлар тоғысында әлемнің ең таңдаулы университтерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Ұлы Абайдың 175 жылдығы биыл адамзатқа қатер төндіріп, коронавирус індеті жайлаған уақытпен тұспа-тұс келіп қалды. Аталған дерттің зардабы жер жүзіндегі мемлекеттердің ешбірін айналып өткен жоқ. Бірақ жарқын келешекке деген сенім мен сындарлы әрекеттің арқасында бұл уақытша қиындықты да еңсеретін боламыз. Абайдың сөзіне жүгінсек: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?». Лайым солай болсын!

Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін.

ШЫН ХӘКІМ, СӨЗІҢ АСЫЛ БАҒА ЖЕТПЕС

Абай Құнанбайұлының туғанына

175 жыл

«Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

       Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.

      Қарадан хакім болған сендей жаннан, 

      Әлемнің құлағынан әні кетпес!

    Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар, 

   Өлтіріп талай жанды жүгін артар.            

  Көз ашып, жұртың ояу болған сайын,

  Хакім Ата, тыныш бол, қадірің артар»

Мағжан Жұмабаев

Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы – ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы. 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді.

Ақынның шығармашылықпен еркін араласуы 1860 жылдар болды. Ол кезде Абай өлеңдерін басқа аттармен жариялаған, тек 1886 жылы «Жаз» деген өлеңінен бастап өз атын қоя бастайды. Ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыр», сонымен қатар «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» өлеңдерінің сол кездегі әлеуметтік жағдайларды түсіну үшін маңызы зор.

Туған халқын сүйіп, оны қасіреттен құтқаруды, бодандыққа қарсы Абай халқын оятып, береке-бірлікке шақырды. Туған халқы да Абайын сүйіп, қатты құрметтеді. Өмірлік мағынасы зор өлеңдерін жатқа айтып, тұмардай сақтады. Шынында әр сөзі теңіздің тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, кісіге берер шабыты мен шапағаты мол Абай әр қазақтың бағдаршамы іспетті. Абай қазақ поэзиясы мен музыкасына жаңа үлгілер енгізді.

Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т. б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған.

Ойшыл-ақын ежелгі заман философтары Сократ, Платон, Аристотель, сондай-ақ, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұраларымен де жақсы таныс болды; Батыс Европа философиясын, дәлірек айтқанда Р.Декарт, Б.Спиноза, Г.Спенсер, Л.Фейербах еңбектерін оқыды.  

Абайдың дүниетанымын қалыптастыруға шығыс ақындары мен ғалымдары ықпал етті. Ақын гуманистік идея ұстанған Фирдоуси, Әлішер Навои, Низами, Физули, Ибн Сина сияқты ғалымдардың, сондай-ақ ресейлік классиктердің шығармаларын және тұтастай еуропалық әдебиеттерді көп оқыды. Ол Крылов, М.Ю.Лермонтов, А.С.Пушкин, Гёте және Байронның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Қорыта айтқанда, Абай қазақтың демократ ақыны, ұлы ойшыл, философы. Ол қазақ тілінің мәйегінен көптеген өлеңдер мен дастандар сондай-ақ, басқа да философиялық шығармалар жазды.

Абайды Абай еткен, асыл сөзімен өлең етіп ұйытып, жүрегіне жыр болып байланған қасиеті – өмірден әділет, мейірім, сенім, адалдық іздеу барысында тапқан танымдық олжалары, санасын сарғайтып барып көзін ашқан тұжырым тоғыстары өлең арқылы өріліп жатыр.

Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты әлеуметтік аясы кең. Өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді. Сондықтан Абай өлеңдері XIX ғасырдағы «қазақ қоғамының айнасы» деп те аталады.

Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Жер бетіндегі күллі қазақ қауымы өздерінің ұлы Абайымен мақтанады. Олар күн өткен сайын Абайды жаңа қырынан тануда. Өйткені Абай мұралары бүгін де, болашақта да өзінің өміршеңдігімен мәңгі жасайтын ғажап туындылар.

Абай шығармалары қазірдің өзінде көптеген тілдерге аударылып, әлем халықтарының жақсы бағасын алуда.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған                             

«Абай – қазақтың ұлы ақыны»

 (әдеби кеш)

1 жүргізуші: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған. Халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады.

2 жүргізуші: Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді.

1 жүргізуші: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» сияқты «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп айқын көрсетілген болатын.

2 жүргізуші: Елбасымыз әрдайым ұлтымыздың ұлы ақыны Абай мұрасын қадірлеп, барша халықты оның өлеңдері мен қара сөздерінен өнеге алуға шақырып келеді және «Абай әлемі – бізді жеті түнде адастырмайтын – Темірқазық. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз», деп айрықша баға берген.

1 жүргізуші: Уақыт өткен сайын бүгінгі ұрпақ «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол»,  деп өткен Абайдың даралығын, даналығын терең сезініп келеді. Бүгін ол «қалың елі қазағына» ған емес, барша әлемге қадірлі, әр сөзі ақыл мен нақылға толы Адамзаттың Абайына айналды!

2 жүргізуші: Ұлы Абай – қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты, ал даналығы қазіргі заманмен үндес. Абай шығармашылығымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, жаңа көңіл күй мен сезімге бөлейді, асыл армандарға жетелейді, өзіңді өзің талдап тазаруға итермелейді.

Ұлы ақын өз дәуірінің ар-ожданы болған сол кезеңнен бері қазақ қоғамдық ойы мен әдебиеті Абай есімімен тығыз байланысты болып келеді.

1 жүргізуші: «Рухани жаңғырудың» негізі Абайдан бастау алады. Сондықтан Абайтану жұмысы бойынша қыруар жұмыстар жалғасты істелуі тиіс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұлғатану бағыты таңдап алынды. Әрине, оның басында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев тұр. Рухани жаңғыру деген — тіл, рухани жаңғыру деген – Абай, рухани жаңғыру деген – Алаш. Сондықтан біз осы бағыттарды насихаттап халықтың, әсіресе, жастардың санасына сіңіру, жүрегіне жеткізу мақсатында кешенді жұмыстар істелуі тиіс.

2 жүргізуші: Қазақ жерінің ақыны, данышпаны болғанымен Абай біреу-ақ, Абайы бар елдің мейірі үстем. Абай қазақтың бар жерінде туып, бар жерінің туын ұстап тұрған кемеңгер.  Ақын тұлғасы дараланған сайын қазақ та биіктей бармек. Сол шыңнан көз жазбау – біздің парызымыз да қарызымыз.

1 жүргізуші: Абай – қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, маңдай алды ақын екені таңдаулы туындылары дүние жүзі поэзиясының озық үлгілері мен деңгейлес тұрғаны – білген адамға айқын шындық. Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» мақаласында «Абайдан асқан бұрынғы соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ»,- деп аса жоғары баға  берген.

2 жүргізуші: Қазақты тану үшін Абайды оқу қажет, ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт. Абайды тану — қазақтың өзін-өзі тануының, басы да, соңы да! Абайды тану — Абай айтқан сындардан толық қорытынды шығару деп білеміз.

Кеш барысында  Абайдың өлеңдері, әндері мен шығармаларының үзінділер оқылады.

Абайдың өмірі  мен шығармашылығына   байланысты сұрақтар:

  1. Абай алғашқы өлеңдерін қай ақынның атынан жарияланып отырды?                

                                                      ( Көкбай ).

2. Абай туралы ең алғаш мақала жазған кім?

      (Әлихан Бөкейханов, 1903 жылы  жазған).

3. Абайдың шын аты кім?( Ибраһим).

4. Абайдың қанша күйі бар? Аттарын ата. ( Үш күйі бар: «Тоқжанға», «Май түні», «Абайдың желдірмесі»).

5. Абайдың аяқталмаған поэмасы. («Әзім  әңгімесі».)

6. Абай Лермонтовтан қанша шығарма аударған  (Жиырма жеті шығарма аударған).

7. Абайдың әжесінің және шешесінің аттарын ата. ( Зере, Ұлжан.)

8. Ділдәдән туған балалары.  (Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия).

9. «Қазақтың бас ақыны  -Абай Құнанбаев» деп атаған кім?  ( Ахмет  Байтұрсынов).

10. Әйгерім кім? Әйгерімнің шын атын ата. ( Абайдың екінші әйелі, шын аты Шүкіман.)

11. Абай өлеңдер жинағы қай жылы басылып шықты және қай қалада? ( 1909 жылы Петербургта).

12. «Абай жолы» романын кім жазды? (Мұхтар Әуезов)                                                13. Абай кімге ғашық болды?  (Тоғжанға)

14. Шәкәрімнің Абайға қандай  туыстық жақындындығы болды? (Абайдың ағасының баласы.) 

 Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына, баға жетпес мұрасымен таныстыратын «Абай тағылымы»,   «Қалың елім қазағым…», «Қазақ халқының рухани асыл мұрасы», «Абайды оқы, таңырқа!», «Абай – қазақтың ұлы ақыны», «Абай – тұтас бір әлем»,  Абайдың мұрасы – қазақтың асыл қазынасы» атты кітап көрмелерін, әдеби кештер, поэзия кештерін, мәнерлеп оқу шараларын  ұйымдастыруды ұсынамыз.

Абай Құнанбайұлы туралы эпигрофтар:

«Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс» 
                               Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті

  Нұрсұлтан Назарбаев

«Абай қазақтың классик әдебиетінің атасы, қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі»

Мұхтар Әуезов

Абай ақын емес, құдрет қой!

 Қазақта Абайдан асып туған ғұлама жоқ»

Жамбыл Жабаев

«Шын Хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес…» 

Мағжан Жұмабаев 

«Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ»

Ахмет Байтұрсынов

«Абай өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын еді»

                                                          Ғабит Мүсірепов

«Орыстар үшін – Пушкин, ағылшындар үшін –Шекспир, грузиндер үшін – Руставели…. қандай ұлы құбылыс болса, Абай да қазақтар үшін сондай теңдеcсіз құбылыс»

 
Қайсын  Кулиев

«Абай әлемге ашылған терезе еді, оның жаны жаңарып жатқан дүниенің алыстағы сарынын сезе білді…. Гете мен Толстой сынды көптеген заңғар гуманист тұлғалардың далалық бауырласы екенін танытты»

Шыңғыс Айтматов 

Әдебиеттер тізімі:

Құнанбаев А. Адам деген даңқым бар: Өлеңдер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде. – Аматы: Халықаралық абай клубы, 2018.- 276 бет.

Құнанбаев А. ХИКМЕТ КІТАБЫ – КНИГА МУДРОСТИ – BOOK OF WISDOM – Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2011. – 568 бет.

Абай (Ибрагим) Құнанбаев Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы. – 1986. – Т.1 Өлеңдер мен поэмалар. – 304 бет.

Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы. – 1986. – Т.2Аудармалар мен қара сөздер. – 200 бет. – 304 бет.

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т.1: Өлеңдер мен аудармалар. – 2002. – 296 бет.

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т.2: Өлеңдер. – 2002. – 336 бет.

Абай Қалың елім, қазағым..: өлеңдер. – Алматы: Атамұра, 2002. – 224 бет.

Абай Қара сөздер – Книга слов. Поэмалар – Поэмы. – Алматы: Ел,1993. – 272 бет.

Құнанбаев Абай Қара сөздер – Книга слов. – Семей: Международный клуб Абая, 2007. – 368 стр.

Абай Қара сөз – Книга слов. – Алматы: Международный клуб Абая, 2009. – 338 стр.

Абай Өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1976. – 239 бет.

Абай Өлеңдер: (Электронды ресурстар): аудиокітап. – Алматы: Жазушы, 2011. – СД 150 МБ.

Құнанбайұлы А. Айттым сәулем, қаламқас: Әндер мен күйлер. – Алматы: Өнер, 1986. – 91 бет.

Құнанбаев А. Өлең  сөздің патшасы. – Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2006. – 568 бет.

Құнанбайұлы Абай Өлеңдер, поэмалар, аудармалар, қара сөздер. – Алматы: Мектеп, 2007. – 248 бет.

Абай Өлеңдер, поэмалар, аудармалар, қара сөздер. – Алматы: Жібек жолы, 2005. – 488 бет.

Абай Құнанбайұлының шығармашылығы туралы

Абай тілі сөздігі. – Алматы: Өнер, 2011. – 616 б.

Абай: Энциклопедия (Бас ред. Р.Н.Нұрғалиев, ред. алқасы: З.Ахметов, Л.М.Әуезова, Б.Г.Ерзакович т.б.). – алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995. – 720 б.

Абайды оқы, таңырқа! – Алматы: Ана тілі, 1993. – 160 б.

Абай туралы естеліктер /құраст. Б.Жүнісбеков, М.Қайрамбаева, Ш.Садықова, Н.Өмірбекова, М.Кенемолдин. – Алматы: Қаламгер, 2018. – 504 б.

Бейсенбаев М. Абай және оның заманы(Абай ізімен): Әдеби-сын мақалалар мен жаңа деректер. – Алматы: Жазушы, 1988. – 136 б.

Анастасьев Н. Абай. Самғау салмағы/ Орыс тілінен аударған Ж.Ысмағұлов. – Астана: Аударма, 2010. – 472 б.

Жұбанов А., Хамиди Л. Абай: 4 перделі опера. 2 томдық.1-т.: Абай. 1-2 –перде. – Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2007. – 248 б. 

Машанов А. Әл-Фараби және Абай. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 192 бет.

Мырхахметұлы М. Абайтану: 1-кітап. Өңд., толықт., 2-бас. – Астана: «InteractivKazakstan», 2014. – 432 б.

Мырхахметұлы М. Абайтану: 2-кітап. Өңд., толықт., 2-бас. – Астана: «InteractivKazakstan», 2014. – 524 б.

Мырзахметұлы М. Әуезов және Абай. – Алматы: Қазақстан. – 1996. – 272 бет.

Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі: Монография. Шығармалар жинағы. – Алматы, 2010. – 476 б.

Ахметов З. Абай и Лермонтов: Эссе. – Алматы: «Арда», 2008. – 160 с.

Бельгер Г. Гете и Абай: Эссе. – Алма-Ата: Жалын, 1989. – 104 с.