«Новинки из книжной корзинки» жаңа балалар кітаптарына шолу

«Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жылына» орай Кенесары ауылдық кітапханасы «Новинки из книжной корзинки» атты жаңа балалар кітаптарына шолу жасайды.

Қазақстан Қызыл кітабы беттерінен. Омыртқалы жануарлар /Құраст.: А.Ф.Ковшарь. – Алматы: Алматы кітап баспасы, 2012. – 128 б.

 

Бұл кітап – Қазақстанның Қызыл кітабына енген, бүгінгі таңда жоғалып бара жатқан омыртқалы жануарлар жайлы мәліметтер мен олардың таралу картасхемасы берілген бірден – бір кұнды басылым. Басылым мектеп жасындағы балалар мен көпшілік қауымға арналған. 

Тарихи тұлғалар/Құраст.: Б.Тоңысбаев, А. Сужикова. – Алматы: «Алматы кітап баспасы», 2017. – 84 б.

Бұл кітап қазақ хандығының қалай күшейгені, елін, жерін қалай көбейтіп кеңейткені туралы айта келіп, еркіндік, азаттық үшін қаншама ғасыр жанқиярлық жұмыс жүргізген ұлы адамдардың өмірі, ол адамдар туралы ел аузында қалған аңыз, әңгімелер туралы сыр шертеді. Халық тарихы – тек қана жылнамалар жинағы емес, жеке ірі тұлғалардың өмірімен де тығыз байланысты екенін ескерсек, бұл кітаптың құндылығы арта түспек. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілік оқырмандарға арналған.

Қайымова Б. Қазақстан халықтарының ертегілері: (Ұйғыр, Дұнған, Әзірбайжан, Белорус, Шешен-Ингуш, Украин) /(Құрастырып, орыс тілінен тәржімалаған Бибісара Қайымова) – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2020. – 260 б.

Ертегі – қандай да бір халық ауыз әдебиетінің аса шұрайлы, тәлім-тәрбиелік маңызы орасан зор, өскелең ұрпақты өз елі мен ұлтының тарих-тағлымы, салт-санасы, дәстүр-ұлағатына етене жақын баурай түсетін ерекше жанр. Егеменді елімізде бір ананың егіз емген балапандарындай өркендеп өсіп келе жатқан әрбір ұлт пен ұлыстың өскелең ұрпақтары да өзара етене жақын өсулері үшін осы бір тәлімді тәмсілдерден сусындап, бір-бірінің тарихы мен тағлымын, салты мен дәстүрін осы ертегілерден оқып, тұшына білгені абзал. Жинақтағы ертегілер – егемен Қазақстан жерін мекен еткен бауырлас халықтардың ежелгі ауыз әдебиеті жаһұттарының озық үлгілерін ұсынуды мансұқтаған.

Ахметұлы Д. Бүлдірген қалың шыққан: Хикаяттар, әңгімелер, мысалдар, ертегілер /Дәнеш Ахметұлы. – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2020. – 180 б.

Дәнеш Ахметұлы есімі әдеби ортаға бұрыннан таныс. Оның әр жылдары жарық көрген «Адал ас», «Нан мен тұз», «Ұшатын сандықша», «Шапағат шұғыласы», «Қыран жанарындағы ғұмыр», «Райымбек батыр», «Өшпейтін оттың жарығы», «Дәнеш ағайдың ертегілері» т.б. кітаптары өз оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген. Жазушының «Бүлдірген қалың шыққан» деп аталатын бұл жинағында бүгінгі бала тірлігінің әр қилы жақтары сөз болады. Баланың жан дүниесі, өмірге деген көзқарасы түрлі сипатта көрініс береді. «Ақдидар» хикаяты балалар мен жас өспірімдерге арналған халықаралық жабық «Дарабоз – 2013» бәйгесінде жүлде алған. Әңгімелер мен мысалдардың басым көпшілігі мерзімді баспа бетінде жарық көрген. Ертегілерден жаңашылдық, жасампаздық нышаны аңғарылады. Жинақтың тілі кестелі, ойы тұнық. Кітап дүйім оқырманға арналған.

Нәжімеденов Ж. Кішкентай: роман / Жұмекен Нәжімеденов. – Алматы: «Өлке» баспасы, 2015. – 448б.

Жұмекен Нәжімеденовтің «Кішкентай» атты романы бұдан бұрын жарық көрген «Ақ шағыл» романының заңды жалғасы. Кітапта соғыстан кейінгі жылдардың ауыртпалығы, ауыл адамдарының қажымас қайраты, ел тірлігі жан – жақты көрінеді. Соғыс аяқталар сәттегі ауыл өміріндегі елеулі құбылыстарды шыңнай суреттеген тамаша шығарма. Автор шығармадағы ортаңғы  кеіпкерлердің бірі Идаят  арқылы ауыл адамдарының бойындағы эволюциялық құбылыстарды өте нанымды суреттейді.