Ақан сері Қорамсаұлы (1843 – 1913)

Ақан сері Қорамсаұлы – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңында 1843 жылы туып, сол ата мекеніндегі Бұлақ басы, Құлагер құдығы деген жерде дүние салған.
Ақанның «Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия» деп басталатын өлеңі осы Ұрқияға арналған. Ақан өмірінде өшпес із қалдырған адам – Ақтоқты сұлу. Ақтотыға үйленуді тағдыр Ақанға жазбаған. Ақанның «Ақ көйлек», «Аужар», «Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың» деп аталатын терең сырлы, ғажайып сезімге толы әндері осы Ақтотыға арналған.
Сал-серілік дәстүрді барша сән-салтанатымен ұстанған Ақан сері жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазыны жан серігі еткен. Мұндай өмір-салт оның әншілік-ақындық шабытына тұғыр болып, «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көкжендет», «Екі торы ат», «Алайкөк», «Тер қатқан» сияқты тамаша әндердің дүниеге келуіне себепші болған. Сондай-ақ, оның «Көкшетау», «Сырымбет», «Кербез сұлу» деп аталатын әндері туған жерге, өскен елге деген перзенттік махабаттың жарқын айғағы.
Құлагердің мерт болуы (1880-жылдардың ортасы) да егде тартқан серінің өмірі мен шығармашылығында ұмытылмас оқиға болды. Өмір соққысын көрген ол жайлауға көшпей, баласы Ыбан екеуі қыстауда қалады. Дұшпандары оны әр саққа жүгіртіп өсек таратады. Бірақ Ақан өмірден де, өнерден де қол үзбейді. Осы тұстағы ән-өлеңдерінің елеулісі – «Балқадиша». 1890 жылдардағы шығармашылығында айтыс едәуір орын алды. Ақанның елдің жер-судан, қоныстан айырылуына наразылық білдірген азаматтық лирикалары мен сықақ өлеңдері де өткірлігімен ерекшеленеді. Қонысынан айрылған елдің мұң-мұқтажын ақын халық атынан айтады. Ақан сері – өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем түспейді. «Ақан сері» атанып, кезінде жұртшылыққа кең танылуы, атақ, даңқының шар-тарапқа жетуі – әншілік-композиторлық өнерінің жемісі.
Ақан сері өз кезінде Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты ақын-әншілермен бастас болып, халықтың мәдени-рухани өміріне айырықша ықпал еткен. 1913 ж. Ақан өзінің туған жерінде дүние салды.

Ақан сері – ҚҰЛАГЕР

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған