Біржан сал Қожағұлұлы (1834 – 1897)

Біржан сал Қожағұлұлы (1834, Ақмола облысы Біржан сал ауданы — 1897, туған жерінде) — Қазақтың әйгілі ақыны, сазгер. Ол 1834 жылы Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келіп, 1897 жылы алпыс үш жасында туған жерінде қайтыс болған.
Біздің заманға Біржан салдың алпысқа жуық әндері жеткен. Оның әндері нәзік сезімді, сұлулықты жырлаған сыршылдығымен қоса («Ғашығым», «Қаламқас», «Ләйлім шырақ», «Айтбай», «Ақтентек», т.б.), әлеуметтік мән-мазмұнымен де («Жанбота», «Адасқақ», «Көлбай – Жанбай», «Шідер», т.б.) құнды. Сара ақынмен айтысы оны дарынды, суырыпсалма ақын ретінде дүйім елге танытты. Біржан салдың ақындық өнерінің өріс ашып, өрби түсуіне Сара, Әсет, Доскей, т.б. қатарлы тұтас бір сала буын игі әсерін тигізген.
Өмірінің соңғы кезінде ру арасындағы талас-тартыстар, ағайын ішінің кикілжіңі Біржан салдың жеке басына да қатты әсер еткен. Қиянатшылар тіпті оны «жынданды» деген лақап таратып, қол-аяғын байлап тастауға дейін барады. Аталмыш оқиға Біржан салдың «Теміртас» әнінде үлкен қасіретпен айтылады. Оның «Айтбай», «Адасқақ», «Жамбас сипар», «Жонып алды», «Алтын балдақ», «Көкек», «Жанбота», «Теміртас» сияқты әндері дәстүрлі қазақ әндерінің классикалық үлгілері ретінде қазақ мәдениетінің алтын қорынан орын алды. Олар Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Қосымжан Бабақов, Қуан Лекеров, Мәжит Шалқаров, Темірбек Арғынбаев, Қайрат Байбосынов, т.б. әншілердің орындауында ел арасына кең тарап, халық игілігіне айналды. Біржан салдың музыкалық мұрасы бірнеше рет жинақ болып басылып шықты. Мұқан Төлебаев «Біржан – Сара» операсын жазды.[2][3]
Бүгінгі әншілеріміз айтып жүрген “Ләйлім шырақ”, “Теміртас”, “Жайма шуақ”, “Айтпай”, “Бурылтай”, “Айбозым”, “Асыл-Ақық”, “Керкекіл”, “Ақ серкеш”, “Мәті-Дәулен”, “Алтын балдақ”, “Телқоңыр”, “Аққошқар”, “Көкек” т. б. әндері – мәңгі өлмейтін туындылар. Бұлардың бәрі бұрын жеке дауыста орындалса, ұлы композиторымыз Мұқан Төлебаев біразын “Біржан – Сара” операсында пайдаланған. Арқаның ақиығы Біржанның Жетісу бұлбұлы атанған ақын Сарамен айтысы да – өлмес қазынамыз.

Біржан сал – Жанбота

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған