Кенен Әзірбаев 1884 – 1976)

Кенен Әзірбаев (1884 жылғы 19 маусымда, қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ елді мекенінде дүниеге келген – 1976 жылғы 12 сәуірде Жамбыл облысы, Қордай ауданында, сол кездегі Киров колхозында (қазіргі Кенен ауылы) қайтыс болды) — қазақтың әйгілі халық ақыны, жырау, сал-серілік дәстүрдің соңы, әнші және композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен өзі өмір сүрген замандағы әйгілі «маусым жарлығы», сонымен сабақтас 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, одан соңғы Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, халық дәулетінің жаппай тәркіленуі, халықты қынадай қырып кеткен ашаршылық, репрессия , соғыс, одан кейінгі тың игеру мен екпінді құрылыстар салу барысындағы желбуаз ұраншылдық сияқты халық тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Жай сырттай бақылаушы емес, сол тарихи оқиғаларға Кенен сергек араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды. Бұл ретте, Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан арналы шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Ол өз ғұмырында жүзден аса ән шығарып, оның өлеңін де өзі туындатып, бұған қоса асқан шеберлікпен өзі орындаған біртуар дарын иесі. 10 жасында қолына домбыра алып ән сала бастаған. 11 жасында өзінің тұңғыш әні “Ри, қойым”, 13 жасында атақты “Бозторғай” әндерін шығарды. Халықтың көңілін елең еткізген бұл ән тез арада бүкіл қазақ даласына тарады. Бала Кененнің аты қырғыз-қазаққа мәлім болып, “Боздаланың бозторғайы” атанды. Сондай-ақ, екі жүздей лирикалық, дидактикалық арнаулар мен толғаулардың авторы. Оның репертуарында оңдаған эпикалық жыр-дастан болған. Сол жыр-дастандарды таңды-таңға ұрып жырлап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып, халықтың рухани ұйтқысы болған тұлға. Ол ән мен жырдың кеніші атанған Жетісудың ғана емес, исі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәстүрін терең игерген өнер тарланы. Оның «Бозторғай», « Көкшолақ», «Бұлбұлға», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады. Бұл әндердің қай-қайсысының да астарында уақыт тынысына қоса, ең алдымен Кененнің өзінің тарихи түйсік-зердесі, жалтағы жоқ болмысы аңғарылады. Мәселен, 16-шы жылғы толқудан көп бұрын дүниеге келген «Бұлбұлға» өлеңінде бұлбұлмен мұңдаса отырып, «Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр» деген сөзді айту үшін ыза-кекке қоса, сол кездегі іріп-шіріген саяси ахуалды түсінетін көреген зерде керек қой. Немесе, күндей күркіреген Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ Алатаудың ақиық қыранындай саңқылдап, «Біздің Отан жеңеді!» деп жар салуы – ерге лайық жалтақсыз сенімнің, ақынға лайық оптимизмнің , ақылгөйге лайық көрегендіктің айғағы болса керек.

Кенен Әзірбаев – Туған жер

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған