Тәттімбет Қазанғапұлы (1815 – 1862)

Тәттімбет Қазанғапұлы (1815 ж., қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туып, 1862 ж. қайтыс болған) – күйші-композитор, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі. Композитор «Сары жайлау» күйін Майдасары жайлауына қоныстанған кезінде, күз мезгілінде шығарған. Мұнда табиғаттың әсем суреті, жаз-сайрандағы рахатты шақтар бейнеленеді. Күйдің ішкі философиясы табиғатты суреттеу арқылы жаз думанын бастан кешкен адам өмірінің қайта оралмас бұралаң жолдарын табиғат мезгілімен салыстыруды мегзейді. Күй табиғаты сыршыл, қиялшыл, мөлдір лиризмге толы. Нәзік нюанстар мен әсем ырғақты иірімдер тыңдаушысын бірде желпіндіріп, енді бірде тәтті мұң толқынымен тербетеді.
Тәттімбет күйлерінде негізінен өмір тартысы, тағдыр тауқыметі, сұлулыққа құштарлық, алыс арман, сарғайған үміт, өкініш сарыны баяндалады. Ал «Былқылдақ» күйі жер атына байланысты (елінде Былқылдақ атты сазды жайлау болған) шыққан. Күйдегі романтика – мың бұралған өзен ағысы, бұлақтың қоңыраулы сыңғыры, тоғайдағы құстың әсем үні сұлу табиғат тынысымен ұласып жатыр.
Тәттімбет шығармаларының ең биік шыңы – «Көкей кесті» күйі. Бұл күйді сазгер өмірінің соңғы жылдарында шығарған.
Композитор домбыра үніне «жан бітіреді», күйдің табиғатын, сырын ашады. Тәттімбет лирикасының тағы бір қырын ашатын «Сылқылдақ» күйі. Бүл күйді композитор өзімен күй сайысына түсіп, өнер көрсеткен домбырашы қызға арнап орындаған. Тәттімбеттің «Қосбасар» күйінің бірнеше түрі бар. Тәттімбет тек күйші ғана емес, сөзге ұста, шешен, шыншыл, әділетті көксеген ақын жанды сері адам болған. Композитор «Бес төре» күйін халықты қыспаққа алып, жәбірлеген атқамінерлерге арнап шығарған. Бұл юморға толы туынды. Тәттімбет қоғамдық болмысқа сын көзімен қарап, өзінің шығармалық туындысы арқылы әлеуметтік бағытын аңғартады. Тәттімбеттің жалпы бізге белгілі 40-тан астам күйі бар.

Тәттімбет – Сылқылдақ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған