Нұрғиса Тілендиев (1925 – 1998)

Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев (1 сәуір, 1925, Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер (қазіргі Нұрғиса Тілендиев ауылы) – 15 қазан, 1998, Алматы) – қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы. Қазақ КСР халық әртісі (1975), КСРО халық әртісі (1984), халық қаһарманы (1998).
Нұрғиса Атабайұлы қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет. Сүйікті шығармаларынан «Достық жолымен» (1958), «Менің Қазақстаным» контатасын (1959), Қ.Қожамяровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын (1961), «Ата толғауы» оркестр үшін жазылған шығармаларын (1962), «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс солдаты» (1975) сияқты увертюраларын атауға болады. Композитордың «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері, «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» сияқты ондаған әндері халықтық бояу нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған. Мұның сыртында қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған.
Нұрғиса Атабайұлы музыкасын жазған М.Әуезовтың, Ш.Аймановтың, Т.Ахтановтың, Ә.Тәжібаевтың пьесалары, сондай-ақ
«Қыз Жібек»
«Қилы кезең»
«Менің атым Қожа»
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр»
«Ақсақ құлан» фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналған.
Ол Абайдың
«Әсемпаз болма әрнеге…»
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім…»
«Ішім өлген, сыртым сау…»
«Қызарып, сұрланып…» өлеңдеріне ән шығарған.
Сонымен қатар қазақ ақындарының өлеңдеріне
«Ғашыққа мойын қой»
«Абай арманы»
«Әйгерімнің әні»
«Ақынның пайғамбары – Абай ата» әндерін жазды.

Нұрғиса Тілендиев – Аққу

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған